
Интернет-алаяқтық - ашылуы қиындық туғызатын қылмыстардың бір түрі. Бұл қылмыскерлер қолданатын заманауи технологиялармен, жедел-іздестіру іс-шараларының ауқымына да байланысты: күдіктілер өз құрбандарынан кез келген қашықтықта болуы мүмкін. Дегенмен, полицейлер бұрын жасалған қылмыстар бойынша жұмысты жалғастыруда.
Уәлиханов ауданының қызметкерлері желілік алаяқтықтың біріне қатысты жұмысты 2019 жылдан бастап жүргізді. Сол уақытта белгісіз қылмыскер Kolesa.kz сайтына автоқосалқы бөлшектерді сату туралы хабарландыру орналастырған. Онымен сөйлескен аудан тұрғынынан 55 мың теңге алдын ала төлем алғаннан кейін, байланысқа шықпай қойған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілген.
«Аз уақыттың ішінде күдіктіні ұстау мүмкін болмады, алайда қылмысты ашу жұмысы жалғасты, — дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Руслан Әлижанов. — Қызметкерлер аталған факті бойынша жедел қызығушылық тудырған ақпаратты анықтады. Алматы қаласындағы қызметтік іссапар барысында криминалдық полиция қызметкері мен тергеуші күдіктінің ізіне түсіп, ұстады. Ол оңтүстік астананың 34 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол өз кінәсін мойындап, жәбірленушіге келтірген шығынның орнын толтырды».