Студенттер 18 жастағы петропавлдыққа сеніп, қымбат смартфондарға несиелер ресімдеген

Студенттер 18 жастағы петропавлдыққа сеніп, қымбат смартфондарға несиелер ресімдеген

Петропавлдықтар ойдан шығарылған акцияға сеніп, алаяқтық жасаудағы күдіктінің пайдасына өз бастарына несиелер ресімдеген. Осындай қулықты жасады деген күдікпен 18 жастағы қала тұрғыны қолға түсті. Ол бір сценарий арқылы бірқатар алаяқтықты жасағанын мойындады.

Петропавл қаласының Полиция басқармасына алаяқтық фактілері бойынша бірнеше арыз келіп түскен. Жәбірленушілердің айтуларынша, жас жігіт оларды интернет арқылы тауарлық несие ресімдеуге үгіттеген және белгісіз бір акция шарты бойынша кейін толығымен өтеледі деп сендірген. Алаяқтың арбауына түскендер ұялы телефон сатып алған, алайда олар уәде етілгендей телефондарды сатудан еш пайда көрмеген, несиелері жабылмай сол қалпында қалғанын анықтаған. Әр әрекетінен 200 мыңға жақын шығын келтіріліп отырған. Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен полицейлер 18 жастағы қала тұрғынын ұстады.

«Күдіктінің сөзінше, бұл алдау тәсілін тамыз айынан қолданып келген, - дейді Петропавл қ. ПБ бастығының орынбасары полиция майоры Әлнұр Ахмедьяров. Тергеушілер барлық мән-жайды анықтау бойынша жұмыс жасауда, қазіргі уақытта істегі эпизодтар 20-дан асады. Күдіктінің құрбандары да жастар болған. Олар таныс емес адамның «акция» туралы айтқанына сеніп қалған.

Күдікті облыс аумағында өткізілген «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде ұсталды. Тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықтың қылмыстың барынша кең тараған түрі болып отырғанын айтуда және барлықтарыңызды мұқият болуға, интернет арқылы қаржы операцияларын жасамас бұрын шынайылығына көз жеткізуді сұрайды.