
Күндіз Петропавл орталығында алкогольдік масаң күйде көлік басқарып келе жатқан 68 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Дүйсенбіден бастап Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында полицейлер 30 мас жүргізушіні тоқтатты.
Lada Granta автокөлігінің жүргізушісі сағат 15:10-да Жамбыл көшесінде тоқтатылды. Рөлде 1953 жылы туылған қала тұрғыны болған. Медициналық куәландыру «жеңіл дәрежедегі» алкогольдік масаң күйді көрсетті. Нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Енді жеті жылға автокөлік басқаруды ұмытуына тура келеді. Ең бастысы – жолда қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу фактісі анықталды.
…Сонымен қатар, күндіз Қазақстан Конституциясы мен Жамбыл көшелерінің қиылысында Nissan автокөлігі тоқтатылды. Құжаттарды тексеру барысында аталған жүргізушінің жолаушылар мен жүкті заңсыз тасымалдаумен айналысатыны белгілі болды. Нәтижесінде аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК 463-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды және процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматовтың айтуынша, 8 қарашадан бастап полицейлер «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеуде. Оған 370 аса полиция қызметкері жұмылдырылды. Төрт күннің қорытындысы бойынша 1865 құқық бұзушылық анықталды. Алкогольдік масаң күйдегі 30 жүргізуші ұсталды. Қауіпсіздік белдігін тақпаудың 226 фактісі, сондай-ақ рөлде телефонмен сөйлесудің 165 фактісі, сондай-ақ жаяу жүргіншілер тарапынан болған 301 бұзушылық тіркелді. Бұдан бөлек, жылдамдықты асырудың 94, техникалық байқаудан өтпеген көлік құралын басқарудың 70 фактісі, сондай-ақ бұрын көлік басқару құқығынан айырылған адамдардың автокөлікті басқаруының 11 фактісі анықталды.
«Көктайғаққа байланысты, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден аса сақ болу мен қырағылық танытуды: жылдамдық режимін, арақашықтықты сақтауды, белгіленбеген жерлерден жолды кесіп өтпеуді сұраймыз. Жүргізілетін рейдтер аясында анықталған құқық бұзушылықтардың саны маңызды еместігін айта кеткен жөн. «Қауіпсіз жол» операциясының басты мақсаты – жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзудың алдын алу және көлік апаттарын ескерту. Жедел-профилактикалық іс-шара 17 қарашаға дейін жалғасады», - деп тоқтала кетті Айдын Байматов.