
Есірткіге тәуелді адам өмірін өзін-өзі алдаумен өткізеді. Алғашында ол кез келген сәтте тоқтай аламын деп өзін-өзі алдайды. Сосын өмірін өзгертуге тым кеш деп өзін-өзі тағы алдайды. Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жастармен профилактикалық жұмыс жүргізіп, бұл екі жолды да жоққа шығаруға тырысуда. Басты аудитория – білім беру мекемелерінің оқушылары. Бұрын карантиндік шектеулер болмаған кезде кездесулер өтіп тұратын, қазір бейнеконференцбайланыс режимінде өтуде. Жыл басынан бері 227 профилактикалық іс-шара өткізілді.
«Дәрістер, әңгімелесулер, «дөңгелек үстелдер» барысында қызметкерлер жеңіл-желпі есірткі деген түсінік болмайтынын айтуда, - дейді Петропавл қаласы Полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы полиция капитаны Рахат Нұрахметов. – Жеңілдің соңы ауырға апаруы уақыттың еншісінде. Дей тұрғанмен, егер адам осы жаман жолға түссе де, мойымау қажет. Біреуге ем, біреуге дінге бет бұру көмектеседі. Ең бастысы – ниет болу керек, ол үшін әркімнің мүмкіндігі бар».
Петропавл қаласының 41 жастағы тұрғыны Светлананың өмірі осыған дәлел. Ол есірткіні үлкен ағасының жолымен, жастайынан пайдаланған. Ата-анасы жамандықты бірден сезбеген. Нашақорлық жастарды өмірден қол үзуге итермелейді. Светлананың айтуынша, олардың айналасында адами қарым-қатынасты көрсететін адамдар болмаған. «Ұрлық жасадық, алдадық, - дейді ол. – Жақындарымызға, айналамыздағы адамдарға деген сүйіспеншілік, аяушылық мүлдем болған жоқ». Бірнеше жылдан соң есірткінің арбауында болған ағасы еш амалын таппай өз-өзіне қол жұмсаған. Есірткінің салдарынан Светлана денсаулығынан айырылып, өлім аузынан қалған. Бірақ ол өмірден үмітін еш үзбей, өмірге құлшынысын жоғалтпай емделуге аяқ басады. Уақыт өте келе Светлана дінге бет бұрып, есірткіден бас тарта алды. Қазір ол толыққанды өмір сүруде, тұрмысқа шықпақшы.
Солтүстік Қазақстан облысында бүгінде 563 нашақор есепте тұрса, оның 40-ы әйелдер. Жыл басынан бері мөлшерін асырған нашақорлар 52 рет медициналық көмекке жүгінген. Оның үстіне 25 жағдайда синтетикалық есірткімен байланысты болған. Артық дозаланудан 3 адам қайтыс болды, оның ішінде бір әйел.
Қаңтар айынан бастап облыс полицейлері түрлі 187 есірткі қылмысын анықтады, оның ішінде 47-сі сату. Заңсыз айналымнан 409,5 келіден астам, оның ішінде 4,2 кг. синтетикалық есірткі алынды.