
Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде Тараздағы террористі ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Халық қаһарманы полиция капитаны Ғазиз Байтасовты құрметпен еске алды. Офицерлер жұмыс күнін облыстық ведомство ғимаратының алдындағы қаза тапқан әріптестерінің құрметіне арналған мемориалға гүл шоқтарын қоюдан бастады.
Он жыл бұрын, сенбі күні таңертең, Тараз қаласында теракт орын алды. Қаруланған террорист жеті адамның өмірін жалмады, оның бесеуі құқық қорғау органдарының қызметкерлері болатын. Сағат 12:52-де полицей қылмыскердің көзін жойды: 40 жастағы жол полициясы полкінің взвод командирі полиция капитаны Ғазиз Байтасов террористі гранатасын қолына алған кезде жерге құлатты. Жарылыс нәтижесінде екеуі де мерт болды. Ғазиз Байтасовтың ерлігі еліміздің барлық полицейлері үшін батылдықтың және батырлықтың үлгісі.
...Бір сәт үнсіздік, үш дүркін оқ ату, гүл шоқтарын қою – батырды құрметпен еске алуға СҚО Полиция департаментінің басшылығы, ардагерлер, 6637 әскери бөлімінің және ҚР Ұлттық ұланы Әскери институтының офицерлері, сондай-ақ жас полиция қызметкерлері жиналды. СҚО ПД бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаев атап кеткендей, Ғазиз Байтасовтың өмірі мен ерлігі ішкі істер органдарының жас және болашақ қызметкерлері үшін үлгі болмақ. Оның есімі қазақстандық полиция тарихында мәңгі қалады.
Айта кететіні, СҚО ПД Володарский көшесі, 18 мекенжайында орналасқан СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі және әкімшілік полиция басқармасы ғимаратындағы жол полициясы музейінде 2015 жылы жары Гүлжамал Тәжиева мен ұлы Әділжан Байтасов берген Ғазиз Байтасовтың нысанды курткасы, фуражкасы және жұмыс дәптері сақталуда.