
Солтүстік Қазақстан облысы жолдарында дүйсенбіден бастап патрульдік полиция жасақтарының саны артады: 8 қарашадан еліміздің әр өңірінде «Қауіпсіз жол» ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы бастау алады. Іс-шараның негізгі мақсаты – Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың жолын кесу және анықтау.
Биылғы жылдың 10 айында СҚО-да Жол қозғалысы қағидаларының 52 238 бұзушылығы анықталды. Оның ішінде 6519 факті жылдамдықты асыру, 4761 – жаяу жүргіншілердің ЖҚЕ бұзуы, 2068 – рөльде телефонмен сөйлесу, 131 – қозғалыстың қарсы бағытына шығу. Көлікті масаң күйде басқарғаны үшін полицейлер 972 жүргізушіні ұстады. Бұл сандардың астарында құқық бұзған жүргізушілермен қатар, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығы жатыр. Қыс қарсаңында көлік апаттары мен ЖҚЕ бұзушылықтардың алдын алу жандандырылды.
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы 8-17 қараша аралығында өтеді. Мақсаты – жол-көлік оқиғаларын азайту, көлік тәртібін күшейту, сондай-ақ ЖҚЕ өрескел бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесу. Іс-шара кезеңінде қала сыртындағы автожолдарда, сондай-ақ қала мен елді мекендерде түнгі уақытта патрульдік полиция жасақтарының саны арттырылды. Аудандарда іс-шараға учаскелік полиция инспекторлары тартылатын болады», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов. Сонымен қатар, маусым ауысуына байланысты, полицейлер автокөлік иелерінен жазғы шиналарды қысқыға ауыстыруды, ал жаяу жүргіншілерден екі есе сақ болуды және тәртіпті сақтауды сұрайды.
СҚО жолдарында 10 айда 151 жол-көлік оқиғасы тіркелді, нәтижесінде 28 адам қайтыс болып, 206 жарақат алған.