Петропавл полицейлері тыныштықты бұзу фактілері бойынша 2 мыңнан аса шақыртуға шыққан

Петропавл полицейлері тыныштықты бұзу фактілері бойынша 2 мыңнан аса шақыртуға шыққан

Қалалық полицияға қоңырау шалу арқылы жиі түсетін құқық бұзушылықтардың көпшілігі ұсақ бұзақылық, отбасылық жанжалдар және тыныштықты бұзуға байланысты. Егер ұсақ бұзақылық болса, шұғыл жолын кесуге болады, ал жанжал учаскелік полицейдің көмегімен шешілетін болса, онда түнгі шудан күні бойы басың ауырады.

Облыс орталығында түнгі тыныштықты бұзу, тәулікке жалға берілетін пәтерлерде көп кездеседі. «Олардың көпшілігі қала орталығында Интернациональный, М.Жұмабаев, 314-атқыштар дивизиясы көшелерінің бойындағы үйлердегі пәтерлер. Жыл басынан бері тыныштықты бұзған жалға алушыларға қатысты, әкімшілік құқық бұзушылықты жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде пәтерлер бюросы басшыларының атына жеті ұсыныс жазылды. Барлық жағдайда да уақытша тұратындарға көршілері арызданған», - деді Петропавл қ. ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы полиция майоры Рустам Садулов.

Бойларында алкогольдің әсері бар шулы топ пәтерлерде, терезе астында шулап жатқан кездерінде, қарттардың, нәрестелердің, келесі күні жұмысқа ерте тұратын адамдардың бар екенін ескермейді. ҚР ӘҚБтК 437-бабына сәйкес жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін шулауға болмайды. Аталған баптың санкциясы ескертуді қарастырмайды – құқық бұзушыларға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Жыл басынан облыста тыныштықты бұзудың 2183 фактісі анықталды, оның 2037-сі Петропавл қаласында.

Полицейлер барлық әкімшілік және құқық бұзушылық фактілері бойынша «102» нөміріне не «102» мобильді қосымшасына нақты мекенжайды, уақытты көрсетіп, құқық бұзушылықтың мән-жайын атап, хабарласуға болатынын еске салады.