Петропавл полицейлері төлем терминалын бұзуға оқталудың алдын алды

Петропавл полицейлері төлем терминалын бұзуға оқталудың алдын алды

Петропавл қ. ПБ Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары көшедегі төлем терминалын бұзуға оқталуды тіркеді.

Шамамен сағат 05:00 кезінде «102» арнасына куәгерлер хабарласып, белгісіз адамның Жамбыл мен Интернационал көшелерінің қиылысында орналасқан терминалды темір заттың көмегімен ашуға оқталып жатқандығын айтқан. Жедел басқару орталығының операторы камераны оқиға орнына қарай бағыттап, ақпаратты растайды. Жақын маңда жүрген патрульдік полиция экипажы ер адамды ұстап, Петропавл қ. ПБ Екінші полиция бөліміне жеткізді. Медициналық куәландыру Екібастұз қаласында туған бұрын сотталған 27 жастағы жігіттің масаң күйде екендігін көрсетті. Ұрлық жасауға оқталу фактісі Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша енгізілді.

«Бейнебақылау камералары — заң бұзушылықтарды анықтауда және жолын кесуде, қылмыстарды «ізін суытпай ашуда» сенімді құрал болып табылады, — дейді Жедел басқару орталығының бастығы полиция подполковнигі Ерік Құлжанов. — Жыл басынан бейнебақылау инспекторларымен 14 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның 12 мыңға жуығы жол жүрісі ережелерінің бұзушылықтары, сондай-ақ қылмыстарды ашуға ықпал еткен 146 факті белгілі болды».