СҚО-да полицейлер мас күйдегі көлік айдап әкетушіні ұстады

СҚО-да полицейлер мас күйдегі көлік айдап әкетушіні ұстады

Таңертең Қызылжар ауданының Бескөл аудан орталығының тұрғыны түнде үйдің жанында қалдырылған өзінің "ВАЗ-2107" автокөлігінің жоғалып кеткенін анықтады. Ер адам шұғыл полицияға жүгінген. Айдап әкетілген автокөлікке СҚО ПД патрульдік полиция батальонының нарядына бағдар берілді. Тәртіп сақшылары жолдардағы бекетті күшейтті. Жарты сағат өткеннен кейін автопатрульдердің бірі Аққайың ауданы Аралағаш ауылы маңында «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолының 425 шақырымында белгілері бойынша ұқсас көлікті байқаған. Салонда болған ер адам орманда жасырынбақ болған, алайда ұсталды. Ол Петропавл қаласының масаң күйдегі 32 жастағы тұрғыны болып шықты. Ұсталғанның айтуынша, оталдыру кілті салонда қалған автокөлікті байқаған соң, мұндай мүмкіндікті қалт жібермеуді жөн көрген...

«Тексеру барысында 4 қазанда күдікті 15 тәулік әкімшілік жазасын өтеп шыққаны және 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды, — деп нақтылап кетті СҚО ПД ЖПҚ басқарма бастығының орынбасары полиция майоры Александр Розбах. — Патрульдік полиция қызметкерлері күдіктіні жедел-тергеу тобына тапсырды, олар процессуалдық шешім қабылдау үшін оны Бескөлге жеткізді».

Қызылжар ауданының ПБ бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Нұрлыжан Ақтановтың айтуынша, ұсталған ер адам бұрын тонау жасағаны үшін сотты болған, ал қазіргі уақытта екі ұрлыққа және облыс орталығында масаң күйде жасалған бір көлік айдап әкетуге күдіктелуде. Бұдан бөлек, ол басқару құқығынан айырыла отыра, масаң күйде көлік жүргізгені үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Айдап әкетілген көлік тәркіленді және тергеу әрекеттері аяқталған соң иесіне қайтарылады. Полицейлер солтүстікқазақстандықтарға өз мүліктерін сақтау бойынша шаралар қабылдауды, кілттерді, сондай-ақ ақша, құжаттар мен құнды заттарды көлікте қалдырмауды еске салады.