
Петропавл қаласының 36 жастағы тұрғыны 28 қыркүйек күні кешкісін үйінен шығып, қайтып оралмады, туыстарын көп уайымға салды. Азаматтың әйелі оны іздемеуді сұрап жазған хатын тауып алып, 29 қыркүйекке қараған түні полицияға жүгінген. Ер адамның телефоны ажыратылған болған. Тәртіп сақшылары іздестіру шараларын бастады. Жоғалған адамға қатысты бағдар барлық сыртқы қызметтерге жіберілді. Таныстары, болуы мүмкін жерлер: ойын-сауық мекемелері, жалға берілетін тұрғын үйлерді тексере бастады. Құдықтар, қараусыз қалған ғимараттар мен орман ерекше назарға алынды. Қарқынды іздеулер күні сәтті аяқталды: ер адам жалдамалы пәтерлердің бірінен мас күйінде табылды, бұл туралы бірден жағдайына қатты алаңдаған әйеліне хабарланды.
«Мұндай сценарий кездесіп тұрады, - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Марат Жұмалиев. - Тіпті жақсы жағынан сипатталатын, алкогольдік ішімдікке бейім емес адамдар, кейде бірнеше күн бойы жақындарына өз жоспарлары туралы хабарламай жоғалып кетеді. Көбінесе олар жалдамалы пәтерлерде, дәмханаларда және осыған ұқсас жерлерде табылады. Әр жолы полицияның елеулі күштері мен құралдары іздестіру шараларына қатысады. Іздеулерге қатысатын және әлеуметтік желілерде бағдарлауды орналастыратын еріктілер айтарлықтай көмек көрсетеді. Біз адамдардан жақындары жайлы ойлауды, оларды қайда екендігі туралы хабарлап отыруды сұраймыз».
Қазіргі уақытта облыс полицейлері 29 қыркүйекте жоғалып кеткен Тайынша ауданының 31 жастағы тұрғынын іздестіруде. Бойы 170-175 см, дене бітімі орташа, қысқа ашық қоңыр шашты, көздері көк, сақалды. Оның үстінде қысқа қоңыр сырт киім, камуфляж шалбар және қара тоқылған бас киім болған. Тәртіп сақшылары оның қайда екендігі туралы білетіндерден СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасына 8-7152-39-41-78, 8-778-658-38-41 телефондары арқылы хабарлауды сұрайды.
Жыл басынан облыс полицейлері хабар-ошарсыз кеткендер туралы 323 өтініш қабылдады, олардың 318-і бүгінгі таңда табылды.