СҚО полицейлері ішкі істер органдарының қарт ардагерлерін құттықтады

СҚО полицейлері ішкі істер органдарының қарт ардагерлерін құттықтады

Солтүстік Қазақстан облысында ішкі істер органдарының 2 мыңнан астам ардагері бар. Олардың 300-ге жуығы – қарт ардагерлер. Белгілі бір себептермен жалғыз тұратын ардагерлерді полиция қызметкерлері ерекше қамқорлыққа алған. Валентина Иванова Волкова өмірінің 30 жылға жуығын ішкі істер органдарына арнапты. 85 жастағы қария қарттығына қарамастан үй шаруасын өзі атқаруға тырысады. Бірақ үйіне келген жастардың көмегін ерекше ықыласпен қабылдады. СҚО Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының қызметкерлері Қарттар күнінде зейнеткерді құттықтап қана қоймай, үйі ішіндегі шаруаларға қолғабыс етті. Олармен бірге СҚО ПД Медициналық бөлімінің қызметкерлері де келді. Қызмет атқарған жылдарын жастармен отырып еске алуы Валентина Ивановнаның көңіліне ерекше қуаныш ұялатты. Ол ескі фотоальбомдарын көрсетіп, өзінің ақыл-кеңесімен бөлісті.

Полиция қызметкерлері ерекше қамқорлықты қажет ететін басқа зейнеткерлердің үйіне барды. Мереке күні жүрекжарды тілектерін айтып, қолдарына азық-түлік ұстап, күтпеген жерден келген қызметкерлерді қарттар қуанышпен қарсы алып жатты. «Қарияларымызды мерекемен құттықтаймын! Қарттар күнін атап өте отыра, біз үлкендерге құрмет көрсетеміз. Оларға қамқорлық танытып, көңіл білдіру біз үшін аса маңызды», - деп атап өтті СҚО ПД бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаев.

Ардагерлер де облыстық полиция ведомствосының бастығына алғыстарын айтты. Олар өздерінің хатында санаторий-профилакторийде демалыс ұйымдастырылғаны үшін алғыстарын білдіріп, алған әсерлерімен бөлісті. «Бізге бөлінген ерекше көңіл мен қамқорлық үшін шын жүректен алғысымызды айтамыз. Барлығымыз денсаулығымызды түзеп, демалысымызды ерекше өткіздік. Медицина қызметкерлерінің бізге жасаған қамқорлығына риза болдық. Берілетін тағамдары да ерекше ықыласпен дайындалды», - деп жазды солтүстікқазақстандық полиция ардагерлері.