СҚО табиғатты қорғау полициясы аңшылық ережелерін сақтауды еске салады

СҚО табиғатты қорғау полициясы аңшылық ережелерін сақтауды еске салады

4 қыркүйектен бастап полицейлер СҚО-да күзгі аң аулау маусымы ашылғанын еске салады. Қазіргі уақытта бөдене, көгершін, қаз, үйрек, кекілік, қара торғай аулауға рұқсат берілген. Құстардан бөлек, борсық, қабан, маралды аулауға болады. Сібір елігіне 20 қыркүйектен, 1 қазаннан бастап суыр, түлкі, қарсақ, қоян, ал 1 қарашадан жанат тәрізді итке аңшылық маусымы ашылады. Тәртіп сақшылары аңшыларға аң аулау қағидаларын қатаң сақтауға, қаруды оғы алынған, бөлшектеліп, қынға салынған күйде тасымалдауға, аңшылық кезінде спирттік ішімдік ішпеуге шақырады. Табиғатты қорғау заңнамасын сақтау бойынша рейдтік іс-шаралар аңшылық маусымы кезінде күшейтілді.

Мысалға, полицейлер мен қорықшылар маусым ашылған күні рейд өткізді. 84 мобильді топ жұмыс істеді, 54 аңшылық шаруашылығы мен 195 су қоймасы тексерілді. Аң аулау қағидаларын 25 бұзушылық пен қаруды алып жүру тәртібін бұзудың 2 фактісі анықталды, 2 қару тәркіленді. Тәртіп сақшылары аңшылардан заңнаманы қатаң ұстануға, жазатайым оқиғаларға жол бермеу үшін қаруды қауіпсіз қолдану қағидаларын сақтауды сұрайды.

СҚО ПД баспасөз қызметі