
2 қыркүйекте Петропавлда Н.Назарбаев көшесіндегі шыны аялдаманы сындырған қыз сотталды. Сот материалдарында қоғамдық орында құқық бұзушылықтың алкогольдік масаң күйде жасалғанын көрсетті. Петропавл қ. әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі «Ұсақ бұзақылық» бойынша кінәлі деп танылып, үш тәулікке қамаққа алынды.
Полицейлер факті немқұрайдылық танытпайтын азаматтардың қырағылығы арқасында анықталғанын атап өтті. 1 қыркүйек күні таңертең кезекші бөлімге сынған аялдама туралы телефон хабарламасы келіп түскен. Көп ұзамай құқық бұзушы ұсталды.
«Аялдама павильондарына бұрындары да бұзақылардың әрекеттерінен зақым келтірілген, — дейді Петропавл қ. ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімнің бастығы полиция майоры Рүстем Садулов. — Биылғы жылдың қаңтар айында бірден үш аялдаманы сындырған үш жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мұндай жағдайлар көбіне спирттік ішімдіктің саладырнан орын алады».
Жыл басынан барлығы СҚО-да ұсақ бұзақылық үшін полицейлер 2300-ден аса әкімшілік хаттама толтырған.