
Петропавл маңындағы бау-бақша коғамдары маусым басталғалы полиция автопатрульдерін он рет шақыртты. Шағымдардың басым бөлігі мас адамдарға қатысты болған. Қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мамыр айы басталғалы бері қалалық патрульдік полиция батальонының кавалерия бөлімшесінің қызметкерлері саяжай қоғамдарын салт атпен патрульдеуде.
Батпақты, ойдым-ойдым жер - қызметтік жылқылар автокөлік өте алмайтын жолсыз аймақтан қиындықсыз өтеді. Бүгінгі таңда кавалерия бөлімшесінде 13 қызметтік жылқымен 17 полиция қызметкері қызмет етеді. Полицейлер жылқыларды өздері баптайды. Күзден көктемге дейін оқу жылы бойы кавалериялық взводтың негізінде оқушыларға иппотерапия сабақтары өткізіледі.
Саяжайларды патрульдеуге екеулеп шығады. Аттағы полицейлердің міндеті – бау-бақша қоғамдарының төрағаларымен, күзетшілермен және саяжайшылармен тұрақты байланыста болу. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары белгіленбеген қоқыс орындарының жолын кесіп, шөптің өртеніп кетпеуін қадағалайды. Қажет болған жағдайда аттағы полицейлер оқиға орнына жедел жетеді. Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны кавалерия бөлімшесінің командирі полиция старшинасы Жақсылық Кожелдақовтың айтуынша, осы саяжай маусымы басталғалы кавалерия қызметкерлері хаттама ресімдеу мен мас құқық бұзушыларды Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізу үшін автопатрульдерді 10 рет шақыртқан.
Айта кететіні, саяжайға келетін бала-шаға кавалериялық взводтың қызметтік жылқыларын көруге асық. Полицейлердің айтуынша, балаларды жылқы баптауға қуана үйретеді. Осылайша балалар жаңа мамандықпен танысады.
Кавалерия қызметкерлерінің кезекшілігі саяжайшылар өнімді жинап алғанша, бау-бақша маусымының соңына дейін жалғасады.