
Мамыр айының соңында Петропавл қ. полициясына саяжайдағы үйінде ұрлықтың орын алғаны туралы қала тұрғыны арызбен жүгінді. Кешке белгісіз қылмыскер терезе арқылы «Надежда» саяжай қоғамындағы үйлердің біріне кірген, онда ақша, құжаттар, кілттер, банк карталары мен «Redmi A7» телефоны жатқан. Шығын сомасы 97 мың теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікті - бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған 25 жастағы қала тұрғыны анықталды. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша енгізілді.
«Тексеріс барысында күдіктінің және онымен бірге тұратын 25 жастағы петропавлдықтың «Ромашка» және «Клинок» қоғамдарындағы ұрлықтарға қатысы анықталды, - деді Петропавл қ. ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Дархан Зияфиддин. – Адамдардың құрал-саймандары және алып жүретін заттары жоғалған. Әр эпизод бойынша қолды болған заттардың бір бөлігі алынды. Жазда қылмыскерлер саяжай учаскелеріне ұрлыққа жиі түседі. Адамдарды бағалы заттарын қараусыз қалдырмауға, саяжай қоғамдарының күзетілуін ұйымдастыруға шақырамыз».
СҚО ПД баспасөз қызметі