
Солтүстікқазақстандық полицейлер қылмыстарды ашуда жаңа әдістерді игеруде. СҚО Полиция департаменті Жедел-криминалистикалық басқармасының қызметкерлері елімізде алғашқылардың бірі болып теріден саусақ іздерін анықтау және алу әдістемесін игерді.
«Аталған әдісте криминалистикалық бөліністердегі химиялық реактивтер қолданылады, - деді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Еңбек Сембин. - Химиялық заттардың әсері бөтен адамның саусақ іздерін анықтауға мүмкіндік береді. Олар арнайы металл пластинаға көшіріледі. Бұл жаңашылдық адам өлтіру, тонау, қарақшылық, зорлау сияқты ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуға мүмкіндік береді, яғни қылмыскер мен жәбірленуші арасында физикалық байланыс болатын қылмыстар».
Жаңа әдістемені енгізуге химия білімі бар тәжірибелі криминалист полиция майоры Александр Хлевов белсенді атсалысты. Зерттеулерге еріктілер ретінде жедел-криминалистикалық басқармасының қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, криминалистер мәйіттерде зерттеулер жүргізу үшін мәйітханаларға барған. «Екі айға созылған тынымсыз еңбек нәтижесінде біз оң нәтижеге қол жеткіздік, - деді СҚО Полиция департаменті Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы полиция полковнигі Игорь Семенов. - Тірі адамдар мен мәйіттердің терісінде саусақ іздерін анықтай бастадық – шағын фрагменттерден бастап, жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік беретін тұтас іздерге дейін анықталды. Бізге қызмет жетекшіміз СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембин және ҚР Әділет министрлігінің СҚО бойынша Сот сараптамалары орталығының қызметкері Ирина Платко үлкен көмек көрсетті. Әдістеме қағидасы бұрыннан белгілі болғанымен, қолдануда қиындықтар туындаған, сондықтан кеңінен пайдаланбаған. Әдістемені жұмыста пайдалана алатындай етіп жетілдірдік. Аталған жаңашылдықты облыстық басқарманың қызметкерлері игерді және аумақтық бөліністерге енгізіледі. Әдістемені одан әрі жетілдіруді көздеп отырмыз».