
Жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі өткен соң, оны қалай қайтаруға болады, бұл жөнінде полицейлер «Жолда қабылдау» акциясы аясында әңгімеледі. Петропавл тұрғыны тікелей эфирде куәлігінен елордада айырылғаны туралы айтты. Ол тағатсыздана күткен жүргізуші куәлігін СҚО-дан шықпай алу мүмкіндігі туралы сұрақ қойды. Полиция департаменті Процессингтік орталығының бастығы Әсет Мәтеннің айтуынша, жүргізуші жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық емтихан тапсыру қажет, емтиханды өңір аумағынан шыкпай-ақ тапсыруға болады. «Сондай-ақ, қала тұрғыны куәлігін Петропавлда ала алады, ол үшін бар болғаны Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Біз құқық бұзушылық астанада жасалғандықтан, біз сол жаққа сауал жолдаймыз. Басқару құқығынан айыру мерзімі аяқталған соң, құжаттар қайтарылады», - деп түсіндірді полицейлер онлайн-диалог барысында.
Тағы бір белсенді желі қолданушысы скутерді басқаруға қатысты кеңес алды. Қала тұрғыны скутер қозғалтқышының көлемі 150 текше сантиметр екенін атап өтті. «Бұндай скутерді тізгіндеу үшін оны алдымен тіркеу керек, себебі бұндай көліктің ең жоғарғы жылдамдығы сағатына 50 км. Сондай-ақ, бұндай көлікті басқару үшін «А» санаты бойынша жүргізуші куәлігі болуы тиіс»,- деді полиция қызметкерлері.
Жалпы «Жолда қабылдау» акциясы аясында өткізілген тікелей эфирлер кезінде полицейлерге 100-ден астам желі қолданушысы хабарласты. Сұрақтардың басым бөлігі жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты болды. Сондай-ақ, Көші-қон қызметінің жұмысына қатысты келіп түсетін сұрақтар өзекті. Уақытша тұруға қалай рұқсат алуға болады, төлқұжат, басқа да құжаттарды қалай алады – бұл туралы Көші-қон қызметінің қызметкерлері айтып берді. Республикалық «Жолда қабылдау» акциясы барлық өңірлерде, аумақтық полиция бөліністерінде екі күн өткізіледі.