
Аққайың ауданында Ұлы Отан соғысы ардагері КСРО ІІМ құрметті ардагері милиция подполковнигі Иван Бондаренкоға мемориалдық тақта ашылды. Ашу рәсімін Полиция департаменті бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаев өткізді. Іс-шараға аудан әкімі Рүстем Елубаев, аудандық полиция бөлімінің басшылығы және жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері және ардагердің туысқандары қатысты.
Иван Данилович майданға 1944 жылы аттанған. 3-ші Белорус майданының 132-ші шекара полкінің құрамында соғысқан. Ұлы Отан соғысының екінші дәрежелі орденімен, «Ерлігі үшін», «Кенинигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», мерейтойлық медальдармен марапатталды. Майданнан 1950 жылы оралған, сол кезден милицияда қызмет еткен. Өз ауданында 28 жыл еңбек еткен. Оның қызмет өткеру тізімінде марапаттары баршылық. Жедел жұмыстың барлық сатысынан өтіп, аудандық полиция бөлімін басқарған. Бұдан жоғары лауазымдардан бас тартқан, себебі туған ауданына пайдалы болғысы келген.
Ер жүрек, табанды, адал - Иван Данилович Бондаренко дәл осындай қалпымен әріптестерінің есінде қалды.
«Бір күні оның үйіне қаруланған адамдар келді, - деді ардагер туралы облыстық мәслихаттың депутаты Ольга Клишина. – Олар Иван Даниловичтан қылмыстық істің тергелуіне жол бермеуін талап етті. Принципті адам болғандықтан, ол «жоқ» деп жауап берді. Іс басталып аяқталды...».
«Құрмет демалысына шыққан соң Иван Данилович жеке құраммен тәрбие жұмысын жүргізіп, Кеңестік аудандық кеңесінің атқарушы комитетінің депутаты болып сайланды, - деді Марат Төлебаев өз сөзінде. – ІІО құрметті қызметкерлерінің есімдерімен көшелерді атап, мемориалдық тақталарды ашу игі дәстүрге айналды. Бүгінгі іс-шара - парызға, Антқа, Отанға, таңдаған мамандығына деген адалдықтың үлгісі атануға лайық адамдар туралы естеліктерді мәңгілік сақтау үшін жасалған қадам».