
Петропавлда полицейлер маусымның 14-і күні Жұмысшы кентінде табылған баланың анасын анықтады. Мән-жайды анықтау үшін 24 жастағы анасы қалалық полиция бөліміне жеткізілді. Іздеуге жедел уәкілдер жұмылдырылды. Анықталғандай, әйел 20 шағын аудандағы құрбысының үйінде болған. Оның айтуынша, ол баласын Жұмысшы кентіндегі таныстарына тастап, құрбысына кеткен.
Ювеналдық полиция қызметкерлерімен баланың анасын әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін ҚР ӘҚБтК 127-бабы «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша материал жиналды. «Сондай-ақ, оны ювеналдық полици бөліміне профилактикалық есепке қойдық. Жиналған материалдар ата-ана құқығынан айыру мәселесін көтерумен, қалалық әкімдіктің кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының қарауына ұсынылатын болады», - дейді Петропавл қ. ПБ ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Эльмира Абушева.
Естеріңізге сала кетейік, балақай маусымның 14-і Жұмысшы кентінде анықталды. Қазіргі уақытта 2 жасар бала облыстық балалар ауруханасында.