
Аққайың ауданының учаскелік полиция инспекторы мен ТЖД қызметкерлері СҚО тұрғындарына балық аулауға кетіп, адасып кеткен аталарын іздеп табуға жәрдемдесті. Бескөл ауылының 70 жасар тұрғыны Сергей Косенко туыстарына қайда баратынын ескертпей, таңертең көлге кетіп қалған. Тек кешке жақын зейнеткер туыстарына телефон арқылы хабарласып, қайықпен көлдің ортасына кетіп қалып, бағытынан адасып кеткенін айтқан. Ол немересіне су қоймасының Аққайың ауданы Дайындық ауылына жақын екенін айтып үлгерген, кейін телефонының қуаты таусылып, байланыс үзіліп қалған. Оның үстіне басталған жаңбыр мен қатты жел туыстарын әбігерге салған. Іздеуге шыққан балықшының немерелері "112" арнасына хабарласып, көмек сұраған. Учаскелік полиция инспекторы Әди Мұғжанов пен ТЖ бөлімінің қызметкерлері Андрей Шаповалов, Еркін Абай іздеу жұмысына кірісті. «Қас қарайып, жаңбыр жауып тұрса да, ешкімде іздеуді тоқтату туралы ой болмады. Олар бізді қолдап, сенімділік ұялатып, сабырға шақырды», —дейді Бескөл кентінің тұрғыны Наталья Салмина.
Учаскелік полиция инспекторы Әди Мұғжанов пен іздеуге қатысқан өзге адамдар«Нива» қызметтік автокөлігімен көл жағасын аралаған кезде балықшының көлігін табады. 5 сағат бойы жағаға шыға алмай адасқан зейнеткер қамыс арасынан көрінген фардың жарығын байқап, жағалауға қарай бет алады. Тоңған ол жағаға шығады, жағалауда оны жақын адамдары қарсы алады.
«Қиын жағдайға тап болғанда не істеріңді білмейсің, абдырап қаласың, бойыңды қорқыныш билейді. Полицияда, ТЖ департаментінде нағыз мықты, батыл, өз ісіне жауапты, қолдау көрсететін қызметкерлердің жұмыс істейтіні ерекше қуантады әрі олар алғыс білдіруге лайық жандар. Жігіттер келген уақытта қорғаныш, сенімділік бойға ұялады, өйткені қиын сәттерде басқа түскен ауыртпалыққа араша түсетін жандардың қасыңда екендігін сезінесің», —дейді Наталья.