СҚО полицейлері үш күн ішінде 11 пәтер ұрлығын ашты

СҚО полицейлері үш күн ішінде 11 пәтер ұрлығын ашты
Жаз – адамдардың демалысқа шығып, көп уақыттарын саяжайларында өткізетін кезі. Әдетте, осы кезде пәтер ұрлықтары жиі жасалады. Жылы маусым басталысымен облыс полицейлері «Пәтер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізеді.

Жаз кезіндегі пәтер ұрлығының үйреншікті сценарийі: адамдар саяжайдан қайтқан кездерінде, есіктің бұзылғанын, үйде бөтен адамның болып кеткенін көреді. Үйлеріне оралған петропавлдық ерлі–зайыптыларды дәл осындай көрініс тосып алды. Жоғарғы құлпы бұзылған, екіншісі майыстырылған. Үйден 70 мың теңге ақша жоғалғанын анықтаған пәтер иелері, бірден полицияға хабарлаған. Жедел уәкілдер күдіктіні, бұрын сотты болған 40 жасар облыс аудандарының бірінің тұрғынын «ізін суытпай» ұстады. Подъезде орнатылған бейнекамералар қылмысты ашуға септігін тигізді. Аузы күйген тұрғындар барлық таныстарына бейнебақылау камераларын орнатуға және ескі есіктерін ауыстыруға кеңес береді.

«Пәтер» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде тәртіп сақшылары қала көшелеріне шығып, сауда орталықтарында, үйлердің аулаларында адамдармен кездесіп, пәтер ұрыларынан қалай сақтануға болатыны жайлы ұсынымдар жазылған брошюралар таратты. Басты қарапайым кеңестер:берік құлыптар орнату, үйден шыққанда терезелер мен есікті жапқаныңызға көз жеткізу, көршіңізден пәтеріңізді қарап тұруын сұрау. Мүмкіндігінше дабылдар мен бейнекамералар орнату.

«Бұл құралдар пәтер ұрлықтарының профилактикасына және оны жылдам ашуға тиімді, - деп хабарлайды Криминалдық полиция басқармасының бастығы Пётр Климов. - Профилактика ЖПІШ негіз болады, қажетті шаралар қабылдап, кез келген қылмыстың алдын алуға болады. Мамырдың 19-21 аралығында өткен операция кезінде бұрын жасалған осындай 11 қылмыс ашылды, оның 2-і «өткен жылдар» санатындағы. Тағы екі ұрлық «ізін суытпай» ашылды. Облыста жыл басынан осы сияқты 227 қылмыс тіркелді, бүгінгі күні оның 134-і ашылған.»