СҚО-да адам көліктен құлап кетіп мерт болды

СҚО-да адам көліктен құлап кетіп мерт болды

Айыртау ауданы аудан орталығы Саумалкөлде айналма жолдағы көпірде қайғылы жағдай орын алды. Қостанай қаласының бірнеше тұрғыны «Toyota RAV 4» көлігімен Көкшетау қаласынан келе жатқан. Қозғалыс кезінде жұбайына рөлге отыруды өтінген ер адам – көліктің иесі автомобиль салонынан құлап кеткен. Жолаушылар жәбірленушіні жедел Аудандық орталық ауруханаға жеткізгенімен, ол жансақтау бөлімшесінде қайтыс болған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-б. «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Болған оқиғаның мән-жайын толық және жан-жақты қарауға бағытталған тергеу жүргізілуде.

«Қайтыс болғанның туыстарының айтуынша, ер адам электронды сигаретін аламын деп есікті ашқан сәтте құлап кеткенін түсіндірді, — аудандық ПБ бастығы полиция полковнигі Марат Серкешев. — Автокөліктің жолаушыларынан қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікпен қарауды, қауіпсіздік белбеуін ағытпауды және қозғалыс кезінде есікті ашпауды сұраймыз. Егер есікті ашу қажет болған жағдайда жүргізушіге белгі беріп, көлік құралының толық тоқтағанын күту керек».

Полицейлер облыс бойынша автокөлікті пайдалану кезінде жиі жаслатын бұзушылықтың бірі – ұстап тұратын құрылғыларды елемеу екендігін атап өтті. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған әр жедел-профилактикалық іс-шара шеңберінде ондаған осындай жағдай анықталады. Тәртіп сақшылары қауіпсіздік белдігін тағу міндетті, жолдағы жағдай кез келген сәтте өзгеруі мүмкін екендігін және бұл шара адам өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға септігін тигізетіндігін еске салады.