Милиция подполковнигі Шаяхмет Мырзақанов

Милиция подполковнигі Шаяхмет Мырзақанов
1925 жылы СҚО Совет ауданы Сүйіндіқар ауылында дүниеге келген.
1943 жылы ақпанда майданға шақырылады.
Жаяу әскер училищесін аяқтағаннан кейін 346-шы полктің құрамында 4-ші Украин майданында соғысады. Әуе-десанттық бригадасында мерген болған және Курск доғасындағы шайқастарға қатысқан, бұнымен қоса 86 рет парашютпен секірген екен.

Жеңіс туралы қуанышты хабарды Праганың маңында Чехословакиядағы Табор бекетінде естиді. «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
1947 жылы 17 тамызда Мәскеуде соғыстан кейін алғаш рет ұйымдастырылған әуе шеруіне қатысу бақыты бұйырады.
1953 жылы Совет аудандық милиция бөліміне кеңестік-партиялық органдардың нұсқауымен жіберіледі. Еңбек ардагері, милиция үздігінің есімі Қазақ КСР ІІМ Құрмет кітабына енгізілді. Соңғы атқарған лауазымы – аудандық милиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары. Зейнетке 1983 жылы шыққан, еңбек өтілі 40 жылдан асады.