Полицейлер 99 жастағы ардагер-майдангерді және оның көршілерін аулада концерттік бағдарламамен құттықтады

Полицейлер 99 жастағы ардагер-майдангерді және оның көршілерін аулада концерттік бағдарламамен құттықтады

Шуақты күні Полиция департаменті мәдени орталығының погонды қызметкерлері Бостандық көшесіндегі 54-ші үйдің ауласында шағын концерт ұйымдастырды. Офицерлер ведомство бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаевтың басшылығымен 99 жастағы ардагер Григорий Красильниковті келе жатқан жарқын мереке – Жеңіс күнімен құттықтады. Облыстық полиция бастығы және Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов ақсақалға Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың телеграммасын табыстады, сондай-ақ ұзақ ғұмыр тілеп, келе жатқан 9 мамыр мерекесімен құттықтап, сыйлықтар берді.

Мамырдың осынау шуаққа толы күні аула балаларын еріте келген көршілерге толды. Аула концерттік сахнаға айналды. Көрермендер полицейлерді қошеметтеп қарсы алды, енді біреулері ұялы телефондарына түсіріп жатты. Әртістер отты жылдары айтылған "Тучи в голубом", "Здесь птицы не поют", "Смуглянка", "День Победы" сияқты әндерді шырқады. Бүлдіршіндер ардагермен суретке түсті. Оларға тура бір ғасыр бұрын: 1921 жылы туған майдангер, ішкі істер органдарының ардагерін көру, онымен әңгімелесу бақыты бұйырды.

Григорий Красильников әскерге 1940 жылы Свердловск облысынан шақыртылған. Соғысқа басынан аяғына дейін 1940-1945 жылдары қатысқан. Жаяу әскерде және әуе полкінің қатарында болған. Шығыс Польшада аэродромды атқылаған кезде ауыр жарақат алған. Гвардияның аға сержанты Красильников 1945 жылдың 9 мамырын госпитальда қарсы алады. Үйіне қараша айында оралған. 1948 жылы өз қалауымен КСРО ІІМ Свердловск мектебіне оқуға түседі. Оқудан кейін Солтүстік Қазақстан облысына жіберіледі. Ширек ғасыр өмірін қылмыстық-атқару жүйесіндегі жедел қызметке арнаған. Ол басқарған колония тың құрылысына қатысқан. Зейнетке 48 жасында шыққанымен, 80 жасқа дейін жұмыс істеген. Аудан орталығы Сергеевкада еріктілердің жасағын басқарып, жас қызметкерлермен тәжірибе бөліскен... Бұл жөнінде 2021 жылдың желтоқсанында жүз жылдық мерейтойын қарсы алуға ниеттеніп отырған ардагер оның құрметіне ұйымдастырылған концерттен кейін жас полицейлер мен балаларға айтқан еді.

СҚО ішкі істер органдарында 700-ден астам майдангер еңбек еткен. Ұлы Жеңістің 76 жылдығын олардың тек екеуі Григорий Красильников пен Никита Семенов қарсы алады. 10 мамыр күні полиция генерал-майоры Марат Төлебаев Никита Герасимовичке де барып, 101-ші туған күнімен құттықтайды.