
Есіл өзенінің жағасында «ГАЗель» автокөлігінен қоқыс түсіріп жатқан екі ер адам жазылған бейнежазба Петропавлдық әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Осы бейнежазба бойынша учаскелік инспектор шара қабылдады. Қала шетінде тұратындар өзен жағасының бойын тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орынға айналдырғаны белгілі болды. Рұқсат етілмеген жерге тұрмыстық қалдықтарды тастауынан көрінген, абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша қаланың 7 тұрғынына қатысты хаттама толтырылды. Олардың бәрі ескерту алды.
«ҚР ӘҚтК 505-бабының «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша құқық бұзушылық қайталап жасалса, айыппұл салуға әкеп соғатындығын еске саламыз, — дейді Петропавл қ. ПБ бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Әлібек Ғабдуллин. — Құқық бұзушылықтарға бей-жай қарамайтын және олардың ашуға көмегін тигізетін қалалықтарға әрдайым ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар «102» мобильді қосымшасын пайдаланудың тиімділігін еске саламыз. Оны PlayMarket және AppStore платформаларынан жүктеп алуға болады. Қосымшаның атқаратын функциясы ауқымды, полицияға мәтіндік хабарлама жіберуге, фото және бейне жіберуге, аудио- және бейнеқоңырау шалуға мүмкіндік береді. Басты артықшылық — қосымшаны пайдалану автоматты түрде өтініштің тіркелгенін білдіреді. Кейін қолданушы автоматты режимде өтініш бойынша тексеріс нәтижелері мен қабылданған процессуалдық шешім туралы хабарлама алады».
фото әлеуметтік желілерден алынды