
Түстен ауа Батыр Баян көшесіндегі жанар-жағармай құю бекетінің павильонына бұрауыш ұстаған белгісіз ер адам шабуыл жасап, ақша талап еткен. Кассир «дабыл түймесін» басып үлгерген. Оқиға орнына жеке күзет ұйымының экипажы барған, күзет қызметкерлері шабуыл жасаған адамды ұстап, патрульдік полицейлерге және жедел-тергеу тобына тапсырған. Абырой болғанда, бұл шынайы шабуыл емес, оқу-жаттығу болды.
Ақшаның болуы, шалғайда орналасуы және адамдардың аз жүруі – осы себептерден шеттегі жанар-жағармай құю бекеттері қаскөйлердің назарына түсіп жатады. Жанар-жағармай бекеттеріне жасалатын қарақшылық шабуылды ескерту мақсатында полицейлер профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізуде. Полиция департаментінің қызметкерлері күзетшілердің қызметтерін пайдалану, бейне камералар мен сигнализацияны орнату қажеттігі туралы ұсыныс жасаудан бөлек, оқу-жаттығу сабақтарын өткізеді.
Күзет қызметін бақылау жөніндегі бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Руслан Даньяровтың айтуынша, «күзетілетін объектілерде дабыл жүйесінің жұмыс істеуі» сценарийі бойынша ұдайы негізде оқу-жаттығу сабақтары өткізіледі. Оқу-жаттығу сабақтарының мақсаты жанар-жағармай бекеттеріне құқыққа қайшы әрекеттер жасалған жағдайда жеке күзет ұйымдарының және ішкі істер органдарының жедел ден қою топтарындағы экипаждардың іс-әрекеттер алгоритмін тексеру болып табылады. Жыл басынан осы сценарий бойынша бес оқу-жаттығу сабағы өткізілді.
СҚО Полиция департаменті Күзет қызметін бақылау жөніндегі бөлімінің есебінде 100-ден астам жеке күзет ұйымы бар. Күзетшілер саны – 1588 адам. Олар 4718 объектіні күзетеді. 17 жеке күзет ұйымының мобильдік топтарының 32 экипажы орталықтандырылған бақылау пультіне келіп түсетін дабыл сигналдарына ден қою бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ, 46 күзет құрылымының 670-ден астам қызметкері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша бірлескен жұмысқа қатысады.
Жыл басынан СҚО-да жеке күзет құрылымдарының қызметкерлері 5 қылмысты ашуға қатысып, ішкі істер органдарына 70 адамды ұстап жеткізген, 70 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, күзеткен объектілерінде 12 ұрлық пен құқық бұзушылықтың жолын кескен.