СҚО полицейлері жоғалған бұзауларды иесіне қайтарды

СҚО полицейлері жоғалған бұзауларды иесіне қайтарды

Тайынша ауданынан бір отбасы СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевтың атына алғысын білдіріп хат жазыпты. Жексенбіге қараған түні бір жасар төрт бұзау қамаулы тұрған жерінен жоғалып кетеді. Ауыл тұрғындары полицейлерден көмек сұрайды. Аудандық полиция бөлімінің басшылығы 5 қызметтік көлік бөліп, іздестіру тобын жасақтап, бірден іздестіру шараларына кіріседі. Жер кеуіп үлгермегендіктен, жүруге қиын болды. Бірақ тәртіп сақшылары жоспарлы түрде өңірді түгел тексеріп шықты. Нәтижесінде «қашқындар» көрші ауылдың маңынан, кейбіреуі үйден 7 шақырым жердегі ағаш арасынан табылды.

Қуаныштары қойындарына сыймаған малдың иелері полицейлерге алғыстарын білдіріп, хат жазыпты: «Отбасымызбен Тайынша ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Нұрлыжан Ақтановқа, криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы полиция майоры Аслан Боковқа, Чкалово поселкелік полиция бөлімшесі бастығының орынбасары полиция майоры Азамат Аманбаевқа, учаскелік инспекторлар Руслан Бекболатовқа, Арман Ақмолдаевқа, Жанат Ханафинге зор ризашылығымызды білдіреміз. Біз тек іздеуге тікелей шыққандарды ғана жаздық, жүргізген жұмыстарына алғысымыз шексіз, үлкен рахмет...».

«Бес іздестіру тобының құрамында полиция бөлімінің 10 қызметкері жұмыс жүргізді, - дейді полиция бөлімінің бастығы Нұрлыжан Ақтанов. – Олардың қайсысы болмасын өзінің жұмысын атқарды. Дегенмен, адамдар риза болса қуанамыз, олар жұмыс барысында жақсы эмоционалды көңіл-күй сыйлайды. Іздеу жұмыстары кейде елеулі ресурстарды тартуды талап етеді. Біз ауыл тұрғындарын өздерін осындай жазатайым оқиғалардан сақтауға, сондай-ақ мал ұрлаушылардан сенімді қорғану үшін шаруа қожалықтарын нығайту шараларын қабылдауға шақырамыз».