Сәбит Мұқанов көшесіндегі үйлердің бірінде тұратын қарт әжей тыныштықты бұзу фактісі бойынша полицияға жүгінген. Қабырғаның ар жағындағы жалдамалы пәтерден шыққан шуылдаған топтың дауыстары ұйқы бермеген. Әжей демалғысы келетіндерге түсіністікпен қарауға болатынын, бірақ түннің бір уағына дейін шуламаса екен деп түсіндірді. Осыған дейін көрші пәтерді жалға алушылар өздерін әдепті ұстаған. Шақыртуға келген учаскелік полиция инспекторы жалдамалы пәтерде 27, 23 және 21 жастағы үш жігітті анықтады. Түн ортасы болғанына қарамастан пәтерде музыка қатты ойнап тұрған. Бұзушыларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы «Тыныштықты бұзу» бойынша хаттама толтырылды. Шақыртылған пәтер бюросының әкімгері жалға алушыларды пәтерден шығарды.
«Бұл шара бір жылдан бері қолданылып келеді, - деді Петропавл қ. Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Әлібек Ғабдуллин. - Полицейлер мен пәтер бюроларының иелері арасында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге ықпал ететін уағдаластықтар бар. Пәтерді жалға алған кезде әрбір клиентпен шарт жасалады, онда заңнама нормаларын сақтауға, атап айтқанда, сағат 23-тен кейін, демалыс күндері – сағат 22-ден кейін пәтерде шуламауға міндеттеледі. Шарт орындалмаған жағдайда күші жойылады, бұзушыдан үйді босату талап етіледі».
Тыныштықты бұзу жиі орын алатын құқық бұзушылықтар қатарында. Орташа есеппен күнде түнде облыс орталығында учаскелік инспекторлар мұндай бірнеше шақыртуға шығады. Полицейлердің ұстанымы: әрбір адам толыққанды демалуға құқылы. Бұзушыларға қатысты қатаң шаралар және профилактикалық шаралар алдағы уақытта да қабылданатын болады.
