
Петропавл тұрғыны Петропавл қ. ПБ Екінші полиция бөліміне 44 жастағы әйелінің жоғалғанын айтып жүгінген. Ол жақында екеуінің арасында жанжал туындағанын, кейін әйелі үйінен шығып, қайтып оралмағанын айтқан. Полицейлерге мұндай отбасылық жағдайлар жақсы таныс, іздеу механизмінің бүге-шүгесіне дейін біледі. Әдеттегідей, полицейлер оқиға орнын қараудан бастады. Бұл қалыпты әрі ауыр қылмысты жасыру әрекетін жоққа шығарудағы қажетті процедура. Барлық сыртқы қызметтерге жоғалған тұлға бағдар таратылды. Полицейлер жақын туыстарынан бастап соңғы жұмыс орнындағы әріптесеріне дейінгі байланыс ортасын қарастырды.
«Отбасылық жанжал болған жағдайда адамдар жақын туыстарына бара бермейді, ылғи араласа бермейтін әріптестеріне, басқа да таныстарына сырын айта барады, - дейді Екінші полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Руслан Сыздықов. – Із-түзсіз жоғалғанның байланыстары тексерілді. Әйтеуір оның жүрген жері белгілі болды, аман-есен екен. М.Жұмабаев ауданындағы таныстарының үйінен табылып, өтініш берушіге хабарланды».
Полицейлер отбасындағы кикілжің салдарынан туған-туыстарды алаңдату қажет емес, сондай-ақ, із-түзсіз кетіп қалу – дау-жанжалды шешудің жолы емес екендігін еске салады. СҚО-да жылдың басынан із-түзсіз жоғалғандарды іздеу туралы 121 өтініш келіп түскен. Олардың 120-сы табылды, 110-ы – кезекші тәулікте табылды.