Мәжбүрлеп емдеу орнынан шыққанына бір апта ғана болған ауыл тұрғыны ұрлықта күдікті деп ұсталды

Мәжбүрлеп емдеу орнынан шыққанына бір апта ғана болған ауыл тұрғыны ұрлықта күдікті деп ұсталды

Жамбыл ауданының полиция бөліміне ауылдардың бірінің тұрғыны ұрлық жасалғаны туралы жүгінген. Жұмыстан үйіне қайтқан ол, терезесінің сынып тұрғанын байқайды. Белгісіз қылмыскер үйге еніп, 50 мың теңге тұратын қымбат фенді олжалаған. Аудандық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұрын ұқсас қылмыс жасаған тұлғаларды тексерді. Осылайша, тәртіп сақшыларының назарына бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған 28 жастағы жергілікті тұрғын ілікті. Ол бір апта бұрын ғана мәжбүрлеп емдеу орнынан шыққан екен. Алайда полицейлер оның ащы судан бас тартпағанын анықтады. Қылмыс жасауын да тоқтатпаған екен. Оның ұрлыққа қатыстылығы белгілі болды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұрланған зат алынды, тергеу әрекеттері аяқталған соң иесіне қайтарылады.

«Есептегі адамдармен жұмыс – қылмыстардың алдын алу мен оларды ашудың маңызды бөлігі, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Асан Мейрамов. – Бүгінгі күні ауданда есепте тұрған бұрын сотталған – 22, шартты-мерзімінен бұрын босатылған – 6 адам, пробация қызметінің есебінде тұрған – 32 адам бар. Жалпы ішкі істер органдарының түрлі есептерінде 247 адам тұр. Учаскелік полиция инспекторлары олармен күнде профилактикалық жұмыс жүргізеді. Мақсаты – рецидивті қылмысты болдырмау. Жалпы аудан бойынша ұрлық саны төмендеген. 2020 жылғы 3 айда 17 ұрлық тіркелсе, ағымдағы жылы – 9 тіркелді, олардың барлығы ашылды».