Полицейлер Петропавл қаласының қабылдап-тарату орнына қаңғыбастарды 331 рет жеткізді

Полицейлер Петропавл қаласының қабылдап-тарату орнына қаңғыбастарды 331 рет жеткізді

Петропавл қ. Полиция басқармасы қабылдау-тарату орнының қызметкерлері белгілі тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалармен тұрақты негізде жұмыс жүргізеді. Іріктеу тобы қала бойынша күнделікті рейдтерге шығады. Жүретін бағыттар әзірленіп, тұрғын үйлердің жертөлелері, жылу жолдары, кәріздер, қоқыс тастайтын жерлер, базарлар мен басқа да орындар тексеріледі. Жеке тұлғаларын анықтау үшін қаңғыбастарды қабылдау-тарату орнына жеткізеді. Ол жерде оларды фотоға түсіріп, саусақ іздерін алады және «Образ++» деректер базасына енгізеді. Белгілі тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдардың жеке тұлғасын анықтағаннан кейін түнеу орнына жібереді. Үйсіз адамдардың үсіктен көз жұмуын болдырмау мақсатында түнеу орны қазан айынан мамырға дейін жұмыс істейді. Бұл жерде түнеу мүмкіндігі бар және қайырымдылық қорларымен ұсынылатын ыстық тамақ беріледі. Полицейлер әрбір жеткізілген адам Әлеуметтік бейімдеу орталығының қызметтерімен пайдалана алатынын атап өтті.

«Қаңғыбастар кей-кезде қала тұрғындарының мазасын алады: аула маңындағы аумақтардың жылу жолдарында шулап, қоқыс тастайды, - деді қабылдау-тарату орнының бастығы полиция майоры Адай Смайыл. – Іріктеу тобы әрбір шақыртуды тексереді. 3 айдың ішінде полицейлер үйсіздерді қабылдау-тарату орнына 331 рет жеткізген. Бүгінгі таңда облыстық полиция есебінде белгілі тұрғылықты мекенжайы жоқ 50 адам және қаңғыбастыққа бейім 156 солтүстікқазақстандық тұр».
Ауа райы жылысымен қаңғыбастар әдеттегідей саяжай қауымдастықтарының маңына беттейді. Олар қараусыз қалған учаскелерді, кейде саяжай үйлерін паналайды. Тәртіп сақшылары саяжайларды патрульдеуге дайындалып, халықтан келіп түсетін хабарламаларға жедел ден қою үшін қауымдастықтардың төрағаларымен байланыс орнатуда.