
СҚО Қызылжар ауданының Лесной ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Сағидолла Етекбаев заңсыз аңшылық фактісін анықтаған. 28 наурызда сағат 21:30 шамасында ауылдағы автожолмен өтіп бара жатқан тұста жолдың шетіне тоқтаған 64 жастағы ауыл тұрғынының «ВАЗ» автокөлігін байқаған. Полицей тоқтап, қандай көмек қажет екендігін сұраған. Ер адам көліктің сынып қалғаны, ұлының қажетті бөлшекті әне-міне әкелетіні жайлы айтқан. Алайда учаскелік инспектор шетте тұрған жас жігітті байқаған. 29 жастағы жігіт көлікке сібір елігінің денесін сүйреп бара жатқанын көрген. Учаскелік инспектор шұғыл жедел-тергеу тобын шақырған. Көліктен 12 калибрлі тегіс ұңғылы қару алынды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы «Заңсыз аңшылық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Ауыл тұрғындарының ішіндегі күдікті, яғни, жасы үлкенінің айтуынша, ол қарудың серіппесін ауыстырып, тексеріп көрмек болған, — дейді Қызылжар ауданының ПБ бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Пётр Климов. — Ұлымен орманға барған тұста, оның көзіне елік іліккен. Тергеу әрекеттері жүргізілуде, қажетті сараптамалар тағайындалды. Бұл жыл басынан ауданда анықталған заңсыз аң аулаудың алғашқы жағдайы. Өткен жылдың желтоқсан айында аң аулау маусымының жабылғаны жайлы солтүстікқазақстандықтардың назарына саламыз. Аңшылардан заңнаманы қатаң сақтауды сұраймыз».