Тіркелген қылмыс саны 23% азайған - петропавлдық полицияның басшысы қала тұрғындары алдында есеп берді

Тіркелген қылмыс саны 23% азайған - петропавлдық полицияның басшысы қала тұрғындары алдында есеп берді

СҚО ең ірі полиция бөлінісі болып табылатын Петропавл қаласы Полиция басқармасы бастығының есеп беруі кезінде мәселелер қозғалып, міндеттер қойылды, учаскелік полиция инспекторларына алғыс білдірілді. Қалалық полиция басқармасының басшысы – полиция полковнигі Жандос Мұқатов бөліністің 2020 жылы атқарған жұмысы туралы есеп берді. ПИК және белсенді қала тұрғындарынан бөлек, кездесуде Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков, облыстық Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев, қалалық мәслихаттың депутаттары Арман Бердіғұлов, Кеңес Мұқышев, СҚО Полиция департаменті жанындағы Консультативтік-кеңесші органның төрағасы Жасұлан Ахметов және қаланың барлық «тірек» пунктерінің аға учаскелік полиция инспекторлары болды.

Жандос Мұқатов өткен жылдың қорытындысы бойынша тіркелген қылмыстардың саны 23,3%-ға төмендегенін атап өтті. Қылмысты ашу деңгейі -61,3%. Қасақана адам өлтіру, ауыр дене жарақаттарын келтіру, тонау, қарақшылық, зорлау, бұзақылық, ұрлық, автокөлікті айдап әкету саны азайған. Дей тұрғанымен, Жандос Мұқатов алаяқтық фактілерінің +44,2%-ға артқанын атап өтті, оның 70% алдау және байланыссыз, яғни ақпараттық жүйе пайдаланушыларының сенімін пайдалану жолымен жасалған. Өткен жылы қалада 102 есірткі құқық бұзушылығы тіркелген, оның ішінде 47-сі сату фактісі. Заңсыз айналымнан 294 кг есірткі заты алынды, оның ішінде 489 гр героин. Петропавл жолдарында жол-көлік оқиғаларының 19,1%-ға, жол-көлік оқиғасында қайтыс болғандар саны - 42,9%-ға, жарақат алғандар саны - 25,4% -ға төмендегені байқалады. 410 бейне бақылау камераларынан тұратын қалалық бейнебақылау жүйесі Жедел басқару орталығының базасында жұмыс істейді. Камералардың көмегімен 721 қылмыс ашылып, 14 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді.

Кәмелетке толмағандардың және есептегі адамдардың арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу, контрафактілі спиртті заңсыз сату, тыныштықты және абаттандыру ережелерін бұзу фактілерін болдырмау – СҚО Полиция департаменті бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев барлық бағыттар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Ерекше назарда – интернет-алаяқтықты ескерту. Облыстық полиция басшысының айтуынша, желіде алаяқтың құрбанына айналмас үшін әрбір қала тұрғыны негізгі алдын алу шараларын білуі тиіс. Сондай-ақ, Бірінші және Екінші полиция бөлімдерінің бастықтарына бұзақылық фактілерін ескерту жұмысын күшейту тапсырылды.

Қала тұрғындары вокзал маңы алаңындағы супермаркеттің қасында ірі пойыздар келген сәтте автокөліктер саны артатыны туралы айтты. Полиция департаменті бастығы Әкімшілік полиция басқармасына мәселені зерделеп, қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Қала әкімі Болат Жұмабеков жақын арада вокзал алдында қоғамдық көлік жүре бастайтыны туралы атап өтті, бұл көліктер санын азайтады. Сондай-ақ, еріктілер және тұрғындар барлық негізгі бөліністердің қызметкерлеріне жеделдігі мен кәсібиліктері үшін алғыс білдірді. Жиыннан кейін азаматтарды жеке қабылдау өтті.