СҚО криминалистері браконьерлерге қарсы

СҚО криминалистері браконьерлерге қарсы

Криминалистерді «погондағы ғалымдар» деп бекерге атамайды. Олар қаскөйлермен оқиға орнында қалдырылған іздерді іздестірумен, жинаумен және зерттеумен айналысады. Еңбектерінің жемісі - ғылыми негізделген дәлелдер, бұл болған оқиғаның нақты мән-жайын анықтауға мүмкіндік береді. Ақиқатты анықтау жолында айтарлықтай күш жұмсалады, бұған мысал - өткен жылдың желтоқсан айында орын алған заңсыз аң аулау фактісін тергеу жұмысы.

Ол кезде полицейлер СҚО Мамлют ауданында Меңкесер аңшылық шаруашылығының қорықшылармен өткізілген бірлескен рейд барысында жол талғамайтын «Nissan» автокөлігімен жүрген жергілікті төрт тұрғынды ұстаған еді. Жүксалғышта атылған 4 сібір елігі анықталды. Рейд қатысушылары заңсыз аң аулануы мүмкін екі орынды анықтады. Аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Серік Әлжанов аталған орынды күзетпен қамтамасыз етті. Іздердің жойылуына жол бермеу мақсатында түні бойы тәртіп сақшылары мен қорықшылар жануарлар атылған орынды күзетті. Таңертең облыстық Полиция департаментінен далада криминалистикалық зерттеулерді жүргізуге арналған техникамен жабдықталған автокөлік - жылжымалы криминалистикалық зертхана келді. Міндеттің қиындығын ескере келе, оқиға орнына резонанстық қылмыстармен жұмыс істеген тәжірибелі қызметкерлер: полиция подполковниктері Евгений Богачев және Қанат Тахметов, полиция майоры Александр Хлевов, полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық тобының аға криминалисі полиция майоры Айдар Хамзин шықты. СҚО Полиция департаменті Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы полиция полковнигі Игорь Семенов оқиға орнын қарауды жеке өзі басқарды.

Жасалған оқиғаның орнын белгілегеннен кейін полицейлер аумақты қарауға кіріскен, қардың қалыңдығы 40 см, аумақтың көлемі шамамен 30 мың шаршы метрді құраған. Қардың бетінде ары-бері жүрген автокөліктің және бытыраның іздері болған. Криминалистер әр шаршы метрді зерттеді.

Атылған гильзалар, қардағы бытыра, аңдар мен көліктердің іздері, оқ тиген жануарлардың жерде қалған жүні бойынша ату бағыты мен реті анықталды. Осылайша, болған оқиғаның желісі түгелдей қалпына келтірілді.

Оқиға орнынан екі еліктің басы, 12 калибрлі полимерлі гильзалар, пластиктен жасалған контейнерлер, аяқ киім, көліктің іздері, жануардың жүні алынды. Осындай кең аумақтан қорғасын бытыраны тауып алу криминалистер үшін үлкен жеңіс болды. Ол металл іздейтін құрылғы және елеуіштің көмегімен табылды. Бір учаскені тексергеннен кейін криминалистер заңсыз аң атылған екінші орынға барды. Ол жерден жануарды жартылай бөлшектеген орын, аяқ киім мен гильзалар іздері табылды. Жақын маңнан шамамен бір тәулік бұрын қалдырылған картон стакан анықталды.

«Оқиға орны қаралғаннан кейін криминалистер заттай дәлелдемелерді зерттеуге кіріседі, - дейді Игорь Семенов. – Оқиғаның ерекшелігін ескере отыра, баллистикаға баса назар аударылды. Қанат Тахметов пен Александр Хлевов 12 калибрі алты гильзаны және 3 тегіс ұңғылы аңшы мылтығын зерттеді. Тегіс ұңғылы қаруды анықтау – күрделі міндет. Бірнеше рет полигонға шығып, тәжірибелік ату жүргізу, гильзада қалдырылған іздерді бірнеше сағат бойы зерттеу қажет болды. Зерттеу кезінде жануарлардың екі мылтықтан атылғаны белгілі болды. Қызметкерлердің сауатты, үйлесімді әрекеттері, оқиға орнын сапалы қарау, жүргізілген зерттеулер арқылы заттай дәлелдемелер сотқа толық ұсынылды. Заңсыз аңшылықтың қатысушылары қылмыстық жауапкершілікке тартылды».