
СҚО Мамлют ауданында полицейлер дүкенде спирттік ішімдіктерді сату фактісін анықтады. Дүкен иесінде тиісті лицензиясы болмаған. 70 литр алкогольдік сусын тәркіленді. Кәсіпкерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы «Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру» бойынша материал жинастырылды. Сараптама тағайындалды. Бұдан бөлек, соңғы бірнеше күнде ауданда спирттік ішімдікті үйде сатудың 3 фактісі анықталды. Аталған фактілер «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде белгілі болды.
«Облыста наурыздың 19-ы мен 24-і аралығында өткізілген «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты - отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтарды анықтау және болдырмау болды, - деді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов. – Құқық бұзушылықтардың барлығы дерлігі алкогольдік масаң күйде жасалады. Осы орайда алкогольдік өнімдердің айналымы саласында заңнаманы сақтау - алдын алу жұмысында аса маңызды болып табылады».
«Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасының барысында полицейлер есептегі адамдардың тұрғылықты жері бойынша 6 мыңға жуық тексеріс жүргізді. 644 адам тексеріліп, оларға қатысты қорғау ұйғарымдары шығарылды, 342-не қатысты сотпен жүріс-тұрысына ерекше талаптар қойылды. Жедел-профилактикалық іс-шарасының бес күнінде 886 түрлі бұзушылық анықталды, оның 88-і тұрмыс саласында. ҚР ӘҚБтК 463-бабы бойынша 19 факті тіркелді.
Жыл басынан облыста заңсыз айналымнан 492 литр алкогольдік өнім алынды.