
Наурыз мейрамы қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің мемлекеттік қызметшілері ұлттық киіммен жұмысқа келді. Оларға мерекеге орай, интернетте тарап үлгерген ұлттық нақыштағы киім кию челленджі қатты ұнады. Челлендждің тартымдылығы мен мағынасының тереңділігіне СҚО ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің мамандары тоқтала кетті.
«Ұлттық нақыштағы киім киіп, жұмысқа келу идеясы тек көктемгі көңіл-күй ғана сыйлап қоймай, сонымен қатар халқымыздың дәстүрлерін кеңінен насихаттауға ықпал етті, - дейді СҚО ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы Сән Жұмағазина. - Бұл жас қызметкерлерді қазақстандық патриотизмге, туған еліміздің мәдениеті мен әдет-ғұрпын құрметтеуге тәрбиелеудің маңызды бөлігі».
Полиция ведомствосының Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің мамандары Солтүстік Қазақстандағы ішкі істер органдарында мемлекеттік тіл заңнамасын жүзеге асырумен айналысады, қазақ тілін үйрену курстарын ұйымдастырады. Одан бөлек, мемлекеттік тілді кеңінен насихаттауға бағытталған іс-шараларды өткізе отырып, Солтүстік Қазақстан полициясының жеке құрамына патриоттық тәрбие беруге белсенді ат салысады. Бүгінгі киген әсем де әдемі ұлттық нақыштағы костюмдері, оларды ерекше көктемгі көңіл-күйге бөлеп, күнделікті жұмысқа мерекелік рең берді дейді.