СҚО-да жыл басынан 150-ден астам интернет-алаяқтық тіркелді

СҚО-да жыл басынан 150-ден астам интернет-алаяқтық тіркелді

Соңғы уақытта интернет-алаяқтық саны өсуде. Мамлют ауданы полиция бөлімі басшылығының бастамасымен қылмыстың аталған түрін ескерту бойынша челлендж бастау алды. Еріктілер тобы полицейлермен және прокуратура қызметкерлерімен бірге Леденёво ауылына келді. Қатысушылар Леденево ауылындағы 178 үйдің әрқайсысында болып, ауылдықтарға алаяқтықтың кең тараған айла-амалдары туралы айтып берді, сондай-ақ профилактикалық кітапшалар таратты. Челленджді Воскресеновка ауылдық округіне табыстады.

«Биылғы жылы аудан аумағында бір интернет-алаяқтық тіркелді, - дейді Мамлют ауданының ПБ бастығы полиция подполковнигі Серік Әлжанов. – Ер адам «Mazda» автокөлігіне қосалқы бөлшектер сататыны жайында интернетке хабарландыру берген алаяққа 180 мың теңгесін аударған. Алдын ала төлемін алған алаяқ, байланысқа шықпай қойған. Қазіргі уақытта қылмыстың беті ашылып, жәбірленушіге шығын толығымен өтелді. Бұл ретте, интернет-технологиялар мен ұялы байланыс дамыған заманда қылмыстың аталған түрінің елді мекендерде тарауы әбден мүмкін. Біздің міндетіміз – халықты қауіп туралы алдын ала ақпараттандыру».

Соңғы кезде алаяқтықтың белең алған түрі – «банк қауіпсіздік қызметкері болып телефон соғу». Қаскөйлер есеп шоттарынан заңсыз аударымдардың жасалуына жол бермейміз деп құрбандарынан банк карталарының реквизиттерін сұрап алады. Қылмыскерлер бұрынғысынша алдын ала төлем жасауды талап етумен тауарлар сату туралы жалған хабарландырулар беруді кеңінен қолданады. Интернет арқылы заттарын сатып жатқан адамдарға қылмыскерлер өздерін сатып алушы ретінде таныстырып, WhatsApp арқылы жеткізу қызметі сайтына сілтеме жолдап, өтінімді растауын сұрайды. Шын мәнінде бұл сайттар – нағыз логистикалық компаниялардың сайттары сияқты ресімделген «телқосақтар». Онда енгізілген мәліметтер қылмыскерлердің олжасына айналады және ол арқылы құрбандарының есеп шоттарына қолдарын жеткізе алады.

Жыл басынан СҚО-да 150-ден астам интернет-алаяқтық тіркелді. Аталған қылмыс түрінің алдын алу полицияның өзекті мәселесі болып табылады.