
Қостанай облысының 39 жастағы тұрғыны тонау жасағаны үшін сотталып, бас бостандығын шектеу жазасына кесілген екен. Заңмен белгіленген жазаны өтемей, ізін суытқан. Ақпан айының соңында Рудный қаласының полиция бөлімімен оған мемлекетаралық іздеу салынды. Іздеудегі қылмыскер Петропавл қ. тумасы болғандықтан, солтүстікқазақстандық полицейлер қылмыскердің жүруі мүмкін жерлерін мұқият тексерді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оның жүрген жері анықталды. Ер адам таныс әйелдің үйінде жасырынып, спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланған екен. Ол ұсталып, уақытша қамауда ұстау изоляторына қамалды, іздеудің бастамашысына хабарлама жіберілді.
«Іздеудегі адам түрлі қылмыс жасағаны бірнеше рет істі болған, - деді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Руслан Назаров. – ҚР Қылмыстық кодексінің 44-бабы «Бас бостандығын шектеу» талаптарына сәйкес жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Қылмыскерлерді іздестіру – криминалдық полиция қызметкерлерінің маңызды жұмыс бағыты. Жыл басынан облыс аумағында 4 қылмыскерге іздеу жарияланды, оның 2-уі ұсталды. Бұдан бөлек, криминалдық полиция қызметкерлері Қазақстанның басқа өңірлері үшін 3 қылмыскерді ұстады, соншама РФ үшін де ұсталды».