СҚО полицейлері екі жыл бұрын жасалған мал ұрлығын ашты

СҚО полицейлері екі жыл бұрын жасалған мал ұрлығын ашты

2019 жылғы наурызда Айыртау ауданының тұрғыны еркін жайылымнан жылқысының ұрланғанын айтып полицияға жүгінген. Екі жыл бойы қылмыс ашылмаған. Алайда, басқа да бұрын жасалған қылмыстар сияқты, істің материалдары жаңа жедел ақпарат түскен кезде немесе жедел-профилактикалық іс-шаралар кезінде қайта зерделенеді. Қазіргі уақытта СҚО аумағында жүргізіліп жатқан «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бұрын жасалған қылмыста күдікті анықталды. Ол бұрын ұқсас қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған аудан орталығы Саумалкөл ауылының 44 жастағы тұрғыны болып шықты. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Айыртау ауданының ПБ бастығы полиция полковнигі Марат Серкешевтің сөзінше, осы сияқты қылмыстарды ашу ауылдық жерлерде ерекше мәнге ие және аудандық полиция бөлімі басшылығының бақылауында.

«Мал ұрысы» операциясының екі күні ішінде облыста өткен жылдар санатындағы бұрын жасалған 6 қылмыс ашылды, - деп хабарлайды СҚО ПД Қриминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Пётр Климов. – Қосымша профилактикалық шаралар қабылдануда – мал және ет өнімдерін тасымалдайтын автокөліктерді, оларды саудалайтын сауда нүктелерін тексеру жүргізілуде. Бір күн ішінде 67 автомашина, ет өнімдерін қабылдайтын және сататын 16 орын тексерілді. Полиция қызметкерлері ветеринария саласында ҚР заңнамасының 18 бұзушылығын және мал бағу ережесінің 37 бұзушылығын анықтады, мал иесін анықтағанға дейін арнайы қашаларға 252 қаңғыбас мал қамалды».