СҚО полицейлері іздеуде жүрген ресейлікті анықтады

СҚО полицейлері іздеуде жүрген ресейлікті анықтады

Бүгінгі таңда СҚО-да 2711 шетелдік тұрады. Облыс аумағында ақпанның 15-нен 19-ы аралығында бастау алған «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасының басты мақсаты - шетелдіктердің көші-қон заңнамасын сақтауы. Полицейлер шетелдік азаматтарды тіркелген жерлері бойынша тексереді, облыстың сауда орындары мен шаруашылықтары бойынша рейдтер жүргізеді. Заңсыз жұмысқа орналасудың 7 фактісі анықталды. Мәселен, Тәжікстанның 41 жастағы тұрғыны елге кірген кезінде жұмысқа орналасуға рұқсат алмай, Шал ақын ауданында пластик терезелерді орнатумен айналасқан. Жұмыс беруші жауапқа тартылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін Қазақстанның үш азаматына қатысты әкімшілік материалдар жинастырылды. Облыс орталығында және Аққайың ауданында сот шешімімен көші-қон заңнамасының түрлі бұзушылықтары үшін екі шетелдік елден шығарылды. Алдағы 5 жылда оларға Қазақстанға кіруге тыйым салынды.

«Мемлекеттік қызмет көрсетумен қатар, көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау көші-қон қызметі бөліністері үшін маңызды жұмыс бағыты болып табылады, - деп толықтырды Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Талғат Әбілов. - Бұл міндет басқа полиция қызметтерімен бірлесіп шешілуде. Мысалы, операцияның бірінші күні Қызылжар ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілдері көші-қон қызметі қызметкерлерінің көмегімен сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін іздеуде жүрген 35 жастағы Ресей Федерациясының азаматының жүрген жерін анықтады. Іздеуге бастамашылық жасаған Омбы облысы бойынша Ресей ІІМ басқармасына хабарлама жіберілді».

Сондай-ақ, шақырылған шетелдіктердің белгіленген болу ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының 25 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелден қонақтарды қабылдаған кезде көші-қон қызметіне олар туралы үш күн ішінде хабарлау қажет екендігін полицейлер еске салады. Егер сізде электрондық цифрлық қолтаңба болса, мұны egov.kz порталында қашықтықтан жасауға болады. Барлық консультацияларды тұрғылықты жері бойынша полиция бөлімінен немесе Петропавл қ. 34-00-23 телефоны арқылы алуға болады.