СҚО-да полицейлер мен кәсіпкер ауыр жүк көлігінің жүргізушісіне көмектесті

СҚО-да полицейлер мен кәсіпкер ауыр жүк көлігінің жүргізушісіне көмектесті

Солтүстік Қазақстанның қатал ауа райында бір-біріңе қол ұшын созып, көмектескен жөн. Өткен демалыс күндері Екатеринбург-Алматы жолының 768 шақырымында Петропавлдан Қостанайға кетіп бара жатқан, «MAN» ауыр жүк көлігінің жүргізушісі көктайғақта рөлге ие бола алмай қалады. Жүк көлігі жолдан шығып кетеді, оны СҚО ПД Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Қайрат Оразбеков пен Назар Маймурзинов көреді. Тәртіп сақшылары «Западное СК» ЖШС басшысы Бауыржан Қалдыбаевқа жүгініп, көмек сұрайды. Ол жүк көлігін шығаруға екі «Кировец» тракторын жібереді. Бұл кезде полицейлер басқа жүргізушілердің техникамен соқтығысуына жол бермеу үшін жолды жауып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.

«Әдетте біз «Казахавтодор» ЖШС-нің техникасын шақыртамыз, бұл жолы олар жол тазартумен айналысуларына байланысты бос болмады, - деп түсіндірді ПД ППБ командирі полиция подполковнигі Ерлан Мадиев. - Мұндай жағдайларда қызметкерлер облыс кәсіпкерлеріне жүгінеді. Ауылшаруашылық құрылымдарының басшылары және ауыр техникасы бар басқа кәсіпорындар қиыншылыққа тап болған жүргізушілерге көмектесуден ешқашан бас тартқан емес. Бұл әсіресе Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында ерекше көрінеді, себебі мұнда ауа райы жүргізушілер үшін нағыз сынақ болып табылады. Екі күн бұрын батальонның офицерлері Мәлік Жақыпов пен Қанат Теңісбаев жанармай сорғысы істен шыққан «Ниссан Примера» автомашинасын аудан орталығы Пресновкаға дейін сүйреп, жеткізіп салды. Барлық көлік иелерінен жолға шығар алдында көліктің жарамдылығына көз жеткізуді сұраймыз».

Сонымен қатар, полицейлер сапарға шығарда жылы киім-кешек алып жүруге кеңес береді. Телефонмен немесе ұялы қосымшамен «102» арнасына қоңырау соғу мүмкіндігі болу үшін өзіңізбен бірге портативті зарядтағыштың болғаны жөн.