СҚО полицейлері көлік басқару құқығынан айырылған үш мас жүргізушіні ұстады

СҚО полицейлері көлік басқару құқығынан айырылған үш мас жүргізушіні ұстады

4 ақпанға қараған түні Петропавл патрульдік полицейлері Труд көшесінде «ВАЗ 2114» автокөлігін тоқтатқан. Тексеріс барысында 33 жастағы жүргізуші бұрын масаң күйде жүргені үшін 3 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Медициналық куәландырудың нәтижесі оның алкогольдік масаң күйде екендігін көрсетті. Көлік салонында жолаушы болған. Ер адамдар ортақ таныстарымен ішімдік ішкендігін түсіндірді. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Бұндай жағдайлар санаулы емес, - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов. — Облыс орталығы мен М. Жұмабаев ауданында - қаңтардың 30-нан бастап осыған ұқсас тағы екі факті анықталды. Заң талаптарын елемеуге жол берілмейді. Патрульдік полицейлер осындай фактілерді анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізеді».
Басқару құқығынан айырылса да, рөлге отыруды қоймаған адамдарға айыппұл салынады немесе бас бостандығын шектеу, сондай-ақ өмір бойы жүргізу құқығынан айыру жазасы қолданылады. Өткен жылы полицейлер «жүргізу құқығынынан айырылған» 72 мас жүргізуші бойынша сотқа материалдар тапсырған. 65-не қатысты сот шешімі шығарылды. Төртеуінің үш жыл мерзімге жүргізу құқығы шектелді, өйткені олар жаза қатаңдатылғанға дейін заң бұзған. 61 жүргізуші өмір бойына жүргізу құқығынан айырылды.