
Петропавл қ. полицияға «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдың бірлестігінің Петропавл оқу-өндірістік кәсіпорнының» директоры алаяқтық фактісі туралы арызбен жүгінді. Кәсіпорын аумағында бұрыннан баланста тұрған жұмысқа жарамсыз жүк тиегіш болған. Өткен жылы кәсіпорын жұмыскерлерінің бірі оны қолайлы шарттармен жөндеп беруді ұсынып, белгісіз жаққа алып кеткен. Біршама уақыт өткеннен кейін жұмыскер жүк тиегішті қайтармай, жұмыстан шығып кетеді. Кәсіпорын шығынды 700 мың теңгеге бағалап отыр. Петропавл қ. ПБ Бірінші полиция бөлімінің жедел уәкілдері бұрын жұмыс істеген 29 жастағы жұмысшыны іздестіріп тапты. Жөндеудің орнына ол жүк тиегішті металл қабылдайтын орынға өткізіп жіберген екен. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша енгізілді. Күдіктіге қатысты міндетті келу түріндегі мәжбүрлеу шарасы тағайындалды.
«Куәгерлердің айтуынша, күдікті жұмыстан шыққан соң, жаңа жұмыс орнын іздемеген, - деді Бірінші полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімінің бастығы полиция майоры Қанат Орынбасаров. – Отбасы шаруасына бейжай қарап, ащы суды асыра ішеді екен. Ішімдікті асыра ішетін адамдар көп жағдайда құқыққа қайшы әрекеттерді жасап жатады. Аталған жағдайда металл қабылдайтын орынның жұмыскерлері тозығы жеткен техника есептен шығарылды деген күдіктінің сөзіне сеніп, оны бөлшектей бастаған, бірақ пайдасын көруге үлгермеген. Қалған мүлік тәркіленді және иесіне қайтарылатын болады. Қылмыс жасалған жағдайда, бірден полицияға жүгіну қажет. Бұл қылмысты ізін суытпай ашуға және ұрланған мүлікті қайтаруға мүмкіндік береді».
СҚО ПД баспасөз қызметі