
25 жастағы петропавлдық көлікті есірткі шегіп алып тізгіндеген. Полицейлер оны "Volkswagen Polo" көлігімен Н. Назарбаев көшесінде тоқтатқан. Медициналық куәландыру оның есірткілік масаң күйде болғанын көрсетті. Аталған факті бойынша әкімшілік материал жинастырылды. Қазіргі уақытта жігіт сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынды. Ол көлікті енді тек 32 жасында ғана тізгіндей алады, өйткені заңнамамен көлікті масаң күйде басқарғаны үшін 7 жылға басқару құқығынан айыру көзделген. Аталған факті Петропавл қ. ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен "Мас жүргізуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды.
"Жедел-профилактикалық іс-шарасы облыста қаңтардың 27-нен 31-і аралығында өткізіледі,-деді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полициякапитаны Азамат Жамұқов. - Мақсаты- көлікті масаң күйде басқару фактілеріне жол бермеу, жол қауіпсіздігін арттыру. Көлікті масаң күйде үзілді-кесілді басқаруға болмайтынын түсінген жөн, мас жүргізуші жол қозғалысы қатысушыларының өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін кесапатты адам. Үш күннің ішінде көлік тізгініне ащы су ішіп алып отырған 15 жүргізуші анықталды".
Жалпы 1394 құқық бұзушылық анықталды. Басым бөлігі қауіпсіздік белдігін тақпау-195, рөлде телефонмен сөйлесу-156 жағдай. Тағы 102 жүргізуші белгіленген жылдамдықты асырған. Жаяу жүргіншілердің тәртібі де полицейлердің назарында: жолды белгіленбеген жерден немесе бағдаршамның тыйым салынған белгісіне кесіп өткені үшін 273 адам жауапқа тартылды. Полицейлер жол қозғалысы қатысушыларын сақ болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
СҚО ПД баспасөз қызметі