СҚО ПД өткен жедел кеңестегі марапаттаулардың арасында Мағжан Жұмабаев ауданы Полиция бөлімінің қызметкері полиция капитаны Ольга Кангозинаны ҚР ІІМ «Құқықтық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі үшін» медалімен наградтау ерекше сәт болды. 8 қаңтар күні жедел уәкіл медицина қызметкерлеріне әйелді шұғыл босандырып алуға көмектескен. Тергеуші болып жұмыс істейтін бес жыл ішінде қылмыскерлермен бетпе-бет кездесуге, мәйіттерді көруге және қызметтегі өзге де психологиялық қиын сәттерге еті үйренген Ольга, бұл оқиғаның ол үшін ең қиын сынақ болғанын айтады. Аталған жайт туралы ақпарат тек БАҚ-та ғана емес, әлеуметтік желілерде де оны танымал кейіпкерге айналдырды. «Бұл тек менің ғана емес, медицина қызметкерлерінің де еңбегі, - дейді Ольга. – Медицина қызметкерлері мен полицейлер үшін басты мақсат – жерлестеріміздің өмірі, денсаулығы мен амандығы».
«Погонды акушерге» медалді облыстық полиция ведомствосының басшысы полиция полковнигі Марат Төлебаев табыстады.
«Полиция капитаны Кангозина қалыпты емес жағдайда абдырап қалған жоқ, - деді ол. – Бұл қазіргі қазақстандық полицейдің психологиялық тұрақты әрі жылдам, жан-жақты дамыған және адамдарға қол ұшын созуға дайын болу қажеттілігін айқындайтын мысал. Ольганың екі жоғары білімі бар, заңгер және психолог. Өзін-өзі дамытуға ұмтылу – нағыз кәсіби маманның тағы бір маңызды ерекшелігі. Лайықты марапат одан әрі дамуына ынталандыра түседі».
