СҚО-да қолайсыз ауа райынан төрт автокөлік соқтығысты

СҚО-да қолайсыз ауа райынан төрт автокөлік соқтығысты
Дүйсенбі күні таңертең Петропавл қ. шығар жолда төрт жеңіл автокөлік соғылды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

25 қаңтар күні сағат 09.30-да «Жезқазған-Петропавл» автожолының 956 шақырымында облыс орталығынан Бескөл а. бет алған Nissan Juke автомашинасының 38 жастағы жүргізушісі 1968 жылғы қала тұрғыны тізгіндеген Volkswagen автокөлігіне соғылған, көлік авариялық белгісін қосып, жол шетіне тоқтауға мәжбүр болады. Бұдан кейін 1969 жылғы жүргізушінің басқаруындағы Mercedes-Benz автокөлігі Nissan Juke көлігімен соқтығысады. Кейін Mercedes-Benz автокөлігі 1980 жылы туған жүргізуші басқарған Toyota Land Cruiser Prado көлігіне соғылған.

ЖКО нәтижесінде зардап шеккендер жоқ. Nissan Juke және Mercedes-Benz автомашиналарының жүргізушілеріне ҚР ӘҚБтК 610-бабының 1-б. «Көлiк құралдарының бүлінуіне алып келген, көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жиналған материалдар процестік шешім қабылдау үшін әкімшілшік сотқа жіберіледі.

Өткен жылы СҚО аумағында 238 ЖКО тіркелді, оның нәтижесінде 38 адам қаза тауып, 315-і жарақат алды. Қаңтар айының басынан 7 ЖКО тіркелді, бір адам қаза тауып, 7-і жарақат алды.