
6 қаңтар күні таңертең Новопавловка кенті ауданында қала тұрғындары үш аялдама павильонының сынғанын байқаған. Қоғамдық көлік тоқтайтын орындарды қиратқан қаскөйді Петропавлдың Бірінші қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері анықтады.
Полицейлер қаскөйлерді анықтау үшін бір апта бойы жұмыс істеген. Түнде қыдыратындардың бұзақылық әрекеті екендігіне еш күмән болмаған. Тапа тал түсте бірден үш бірдей аялдаманы сындыруға ешкімнің дәті бармас еді. Такси жүргізушілерінен, көңіл көтеру орындарының қызметкерлерінен жауап алынды, аталған шағын аудандағы камералардан видео зерделенді. Назарға демалыс аймағының бірінде туған күнін атап өткен жас жігіттердің тобы ілікті.
Бірінші полиция бөліміне жеткізілгеннен кейін олардың ешқайсысы істегендерін мойындауға асықпады, қатысы жоқтарын айтып ақталды. Әрқайсысы заңға бағынатындықтарын айтты. Жедел уәкілдер өз болжамдарына растау тапты. Камера мас жас жігіттердің өрескел әрекеттері мен шыны қабырғаларды сындырғандарын тіркеген.
Петропавл қаласы әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері тергеу жұмыстарына аялдаманың зақымдалған бөлшектерінің құнын ұсынды. Бір аялдама павильонының жалпы құны 440 мың теңгеден асады. Бұзақылық фактісі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Колледждің екі оқушысы мен кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты міндетті келу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Осылайша таныстарының туған күнін тойлаймыз деп, отбасыларына үлкен материалдық, тіпті моральдық шығын келтірді.