
Петропавл қалалық Полиция басқармасының № 4 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторлары қаладағы базарлардың бірінде 135 литр спиртті тәркіледі. Заңсыз алкогольді саудалау фактісі профилактикалық рейд барысында анықталды.
Петропавл қаласының 62 жастағы тұрғыны қатар-қатар орналасқан дүңгіршектердің арасында орналасқан көзге түспейтін шағын үйшіктен спирт саудалап келген. Бір литр алкогольдік сұйықтықтың бағасы – 1500 теңге. Ер адамның сөзінше, ол өзінің бұл әрекетімен заң бұзғанын білген. Десе де соңғы айларда саудасын тоқтатпай, жалғастыра берген. Нәтижесінде бұл фактіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 463-бабы («Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру») бойынша материал жиналды. Алкогольдік сұйықтық алынып, сараптамаға жөнелтілді. Жиналған материал шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберіледі.
СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев айтуынша, қаңтар айының басынан облыс полицейлерімен заңсыз кәсіпкерлікпен айналысудың 8 фактісі анықталды. 250 литрден астам спирт тәркіленді. Масаң күйде жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау және ескерту – полиция қызметкерлерінің жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі. Өткен жылдың 12 айында Солтүстік Қазақстан облысы аумағында масаң күйде жасалған 853 қылмыс тіркелген. 10 500-ден астам құқық бұзушы алкогольдік сусындарды ішкені, қоғамдық орындарда масаң күйде жүргені үшін жауапкершілікке тартылған. Заңсыз айналымнан 1242 литр спирт алынған.
СҚО Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі хабарлағандай, қаңтар айының 14-нен облыс аумағында «Бұзушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Оның мақсаты – отбасылық-тұрмыстық саладағы, сондай-ақ масаң күйдегі жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу.