СҚО полицейлері боранды күні ауылға дәрі-дәрмек апара жатқан ауылдықтарға ілесіп жүрді

СҚО полицейлері боранды күні ауылға дәрі-дәрмек апара жатқан ауылдықтарға ілесіп жүрді

12 қаңтар күні таңертең СҚО-да бораннан барлық бағыттағы автожолдар жабылды. Республикалық маңыздағы жолдар сол күні кешке, облыстық жолдар – 13 қаңтарда таңертең сағат 10:00-де ашылды. Облыс жолдарында көлік легі полицейлердің ілесіп жүруімен қозғалды.

Осындай жағдайға тап болған Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғындары Петропавлда кідіріп қалған екен. Олар облыс орталығына онкологиялық ауруға шалдығып, инсульт алған әкесіне дәрі-дәрмек сатып алу үшін келген. Дәрілерді уақтылы жеткізу аса маңызды еді. Ауылдықтар құтқарушыларға жүгініп, төтенше жағдайлар қызметінің басшылығы СҚО Полиция департаменті бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевқа хабарласқан. Облыстың бас полицейі шағын автобусқа ілесіп жүруді тапсырады. Полиция лейтенанттары Рустам Тайкенов пен Бауыржан Күшімбаев құрамындағы экипаж «Volkswagen» шағын автобусына аудан орталығы Булаевоға дейін ілесіп барады. Ол жақтан патрульдік полицейлер автоколоннаны Петропавлға ілестіріп әкеледі, шағын автобусты аудандағы экипажға тапсырады. Ары қарай полиция аға лейтенанты Сергей Михайленко және полиция лейтенанты Жанат Сәдуақасов Булаеводан 40 шақырымдай жердегі Писаревка ауылына ілесіп барған. Жол жүру қиындай түскен: жел күшейіп, жолды қар ала бастаған, көру аймағы 10 метрге дейін нашарлаған екен. Полицейлер шағын автобустың дәрі-дәрмекке мұқтаж адамның үйіне дейін жетуін қадағалады. Сырқаттанған адамның риза болған балалары Instagram әлеуметтік желісінде жазба қалдырып, қолайсыз ауа райына қарамастан, үйлеріне жетіп алуға қол ұшын созған төтенше жағдай қызметінің қызметкері подполковник Асқар Исмағұловқа, барлық полицейлер мен жол қызметкерлеріне алғыстарын білдірді. «Жігіттер, қызметтеріңізге рақмет, сіздерге және туыстарыңызға амандық тілейміз» - деп жазған екен.

«Ауа райының күрт төмендеуі сияқты құбылыстар Солтүстік Қазақстанда жиі болып тұрады, — дейді СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев. — Көлік иелеріне жол жүруді жоспарлаған кезде синоптиктердің, ТЖ қызметкері мен поицейлердің ескертулерін қадағалап отыруға, ауа райының күрт өзгеруіне дайын болып, жолдарды жабу сынды шараларға түсіністікпен қарауға шақырамыз. Ерекше жағдайларда полиция әрдайым қол ұшын созуға, шұғыл жағдайда қолдау көрсетуге дайын».