Петропавл полицейлері дүкендерден ұсақ ұрлық жасаумен айналысқан күдіктіні ұстады

Петропавл полицейлері дүкендерден ұсақ ұрлық жасаумен айналысқан күдіктіні ұстады

8 қаңтар кешке қаладағы дүкендердің бірінен екі төсек-орын жиынтығының ұрланғаны белгілі болды. Шығын сомасы 9500 теңгені құрады. Сауда орнының иесі полицияға хабарласқан. Жедел-іздестіру іс-шараларына кіріскен облыс орталығындағы Бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері сатушыға ұқсас ұрлық жасаумен айналысатын адамдардың фотоларын көрсеткен. Сатушы олардың ішінен біреуін танып қалады. Күдікті полицейлерге жақсы таныс – 39 жасар қалалық, бұрын сотты болған, көбіне дүкендерде жасалған ұсақ ұрлықтары үшін жауапқа тартылған. Тексеру кезінде оның аталған қылмысқа қатыстылығы анықталды. Төсек-орынды сатып үлгерген, полицейлер жиынтықты сатып алған адамнан қайтарып алған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 187-бабы «Ұсақ ұрлық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктіге қатысты келуі туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.

«Қылмыскерлерді дүкендер мен сауда нүктелері қызықтырады, ол жерлерде тауарларға, сатып алушылардың сөмекелеріне, барсеткалар мен әмияндарына қолсұғушылық жасалады,- дейді Петропавл қ. ПБ Криминалдық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Дархан Зияфиддин. – Өткен жылы облыс орталығындағы дүкендер мен сауда нүктелерінде 85 мүліктік қылмыс тіркелген. Келушілерді өз заттарына мұқият болып, сөмкелері мен әмияндарын көздерінен таса қылмауды сұраймыз. Бизнес-объектілерінің иелеріне бейнебақылаумен жарақтандыруды ұсынамыз, бұл қылмыстық қолсұғушылықтан сақтанудағы тиімді шара».